Ақмола облысының тұрғыны көлік аламын деп қыруар ақшасынан айрылды

Ақмола облысының тұрғыны көлік аламын деп қыруар ақшасынан айрылды
Фото: elements.envato.com

Ақмола облысының тұрғыны шетелден көлік алдырамын деп 3 миллион теңгеден аса ақшасынан айрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ІІМ мәліметінше, Целиноград ауданының полиция бөліміне 31 жастағы жергілікті тұрғынның өтініші түскен. Оның сөзінше, бейтаныс адам көлік сататынын айтып, ақшасын қолды еткен. Яғни көлікті нарықтық бағадан төмен сатып алу бойынша ұсыныс түскен.

"Ұсынысқа келіскен ол бейтаныс адамға ақша берген. Жәбірленушінің айтуынша, көрші елдердің бірінен 3 миллион 800 мың теңгеге көлік сатып алуды ұсынған алаяқтың құрбаны болған. Оған тіпті WhatsApp мессенджері арқылы интернеттен көліктің суретін жіберген. Қолма-қол ақша алғаннан кейін алаяқ жәбірленушімен байланысты тоқтатқан", - деп жазылған хабарламада.

Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде полиция қызметкерлері елорданың 30 жастағы тұрғынын ұстады. Ол мойындап, өтініш берушінің ақшасын жұмсап жібергенін айтқан.

Осы дерекке қатысты полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі "Алаяқтық" бойынша соталды тергеу бастады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова