Оқушылар ҰБТ тапсыруға трактормен барған: БҚО әкімдігі Желіде тараған видеоға түсінік берді

Оқушылар ҰБТ тапсыруға трактормен барған: БҚО әкімдігі Желіде тараған видеоға түсінік берді
Фото: видеодан алынған кадр

Желіде қазақстандық оқушылардың ҰБТ тапсыруға трактормен жолға шыққаны түсірілген видео тарады. Бұл оқиғаға Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жазба авторлары видеоның Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданы Мұратсай ауылында түсірілгенін хабарлады. Онда 11-сынып оқушылары ҰБТ (наурыздың 4-і күні басталып, 30-на дейін жалғасатын ақылы тестілеу) тапсыру үшін қалаға бара жатыр. Оқушылар 18 шақырым жердегі жолға дейін трактормен жетуге мәжбүр болған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Лукпан Ахмедьяров (@lukpan_akhmedyarov)

Әкімдік видеоның 17 наурызда түсірілгенін хабарлады.

"Балалардың ата-анасы ақылы жеке тасымалдаушымен келісіп, Құсайынов атындағы мектептен бір топ оқушыны Оралға ақылы тестілеуден өткізуге жеткізген. Алайда тасымалдаушы балаларды тракторға мінгізіп жатқаны туралы әкімдік пен полицияға хабарламаған. Қазіргі уақытта балалардың барлығы Оралға аман-есен жетті", - деп хабарлады әкімдік.

Қазір тиісті органдар Мұратсай ауылы әкімдігінің, мектеп басшылығы мен тасымалдаушының жауапкершілігін зерделеп жатыр.

Әкімдіктегілер кейінгі күндері қар еріп, бұған қоса, жаңбыр жауып, ауа райы күрт өзгергенін айтып отыр. Осыған байланысты Мұратсай ауылынан республикалық маңызы бар Сайқын – Өнеге – Орал бағытындағы аудандық жолға дейінгі ахуал нашарлап кеткен.

"Осы 18 шақырым кіреберіс жолды күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, жұмысты бастау үшін бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Қазір мердігерді анықтау үшін тендер өтіп жатыр. Жобаны 2024-2025 жылдары жүзеге асыру жоспарланып отыр", - деп хабарлады әкімдік.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан