"Қызыл кітапқа енген жануарларды түсірдім" - Қазақстанның бірнеше өңірін аралаған саяхатшы блогер

Айбар Төлеубек бес жылдан бері еліміздегі әдемі табиғатты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап жүр. Ол бұл хоббиі арқылы отандық туризмге де өз үлесін қосып келеді. Осы уақытқа дейін төрт облыстың бірнеше өңірінде және шетелге саяхаттап барған Айбар Төлеубекпен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Шүкір дегізетін әсер алдым"

Саяхатшы блогер Айбар Төлеубек Шымкент қаласының тумасы. Ол Бәйдібек ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Саяхаттауды осыдан 5 жыл бұрын бастаған.

"Шымкент қаласындағы "Болашақ" колледжі мен университетінде программист мамандығы бойынша білім алдым. Саяхаттау және еліміздің туризмін дамытуға деген ынта осыдан 3-4 жыл бұрын пайда болды. Дәлірек айтқанда, әлемдік пандемия басталған уақытта 2019 жылы алғашқы сапарым Мекке-Мединадан басталды. Google аудармашы арқылы шетел аралауға болатынын біліп, қорықпай шықтым. Мекке қаласындағы саяхат өзіме қатты ұнап қалды. Барлық мотивация сол жерден басталды", - деді ол.

Оның айтуынша, әр сапары оған ерекше әсер сыйлаған.

"Мекке қаласынан кейін Грузия елінің көздің жауын алатын табиғаты мен халық санынан бірінші орын алатын Үндістан керемет әсер қалдырды. Қысқаша айтқанда, Үндістан елінің қарапайым халқының тұрмыс жағдайын көріп, өмірің мен халқыңның жағдайына шүкір дегізетін әсер алдым. Сондай-ақ, Грузияда дүниежүзін аралап келе жатқан саяхатшыларды көрдік. Соларға әлеуметтік желідегі Қазақстанның табиғатын түсірген видеоларды көрсеттік. Олар қатты таңғалды. Бұйырса жолы түссе, Қазақстанға келетінін айтқан еді. Сонымен қатар, барған елдердің ішінде Түркия халқының татулығы, бауырмашылдығы қатты ұнады. Бұл елде өзімді еркін және қауіпсіз сезіндім", - деді ол.

"Қызыл кітапқа енген жануарларды түсірдім"

Айбар Төлеубеков барған өңірлерінде табиғатпен қатар, жан-жануарды түсіргенді ұнатады.

"Кадрға алған ең бірінші жануарым - аю еді. Ерекше туындыны Түркістан облысындағы Түлкібас ауданында түсірдік. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығында сақталған жабайы қоңыр аюды Қызыл кітапқа енген жануарлардың бірі еді. Айта кету керек, жануарларды рұқсатсыз түсіру заң бойынша қатты қудаланады. Сол кезде Заңға сәйкес арнайы құжаттарды дұрыстап рұқсат алу біраз қиындық тудырды. Тек алыстан сапалы түрде түсіре алатын арнайы қыраныммен (дрон арқылы) масштабтау камерасы арқылы кадрға алдық. Одан бөлек басқа да бірнеше қорықтарға арнайы рұқсатпен барып, Қызыл кітапқа енген жануарларды түсіргенім бар", - деді ол.

Сондай-ақ, ол барлық сапар алдында бәрін мұқият жоспарлайтынын айтты.

"Сапарға шыққан сайын мұқият жоспарлап, барлық жағдайды есептеп шығамын. Кейде сол өңірдегі ақпараттық орталықтар бәрі ұйымдастырып береді. Сондай-ақ, көлігімізбен шығатын кездер де болады. Негізі әр саяхатта демеушілеріміз болады. Оларды Instagram-да бейнероликтерімді және сапарларымды бөлісу арқылы жарнамалаймын. Саяхатқа ақшаны ірі компаниялармен келісім-шартқа отырып, бейнероликтерімді сату арқылы табыс табамын. Әзірге шүкір, біршама бейнероликтерім сатылымға шықты. Кейде өзімнің видеоларымды басқа жерлерден көріп қалып "мынаны мен түсіріп едім" деп мәз-мейрам болып қаламын", - деді ол.

"Саяхатты жоспарлау маңызды"

Айбар Төлеубеков саяхат туралы алғашқыда қорқынышты ойлар болатыны қалыпты екенін атап өтті.

"Мұндай өзімде де болған. "Адасып қалсам, қалай болады", "тіл білмеймін, бұзақылардың қолына түсіп қалсам ше", "әмиянымды жоғалтып алсам ше",  т.с.с. қорқыныштар болды. Оның бәрінен үрей алған соң сенімсіздік пайда болады. Сол үшін тәжірибе керек. Алғашқы саяхатыңызға міндетті түрде тәжірибесі бар адаммен сапарға шығуға кеңес беремін. Тіл білсеңіз, адамдармен тез тіл табысып кететін болсаңыз, өзіңізге жақсы", - деді ол.

Сонымен қатар, ол бірінші рет саяхаттайтындарға баратын елді карта арқылы бәрін жоспарлауды ұсынды.

"Әр елге барғанда керек мобильді қосымшаларды жүктеп алып, қолыңызға карта алуға кеңес беремін. Сол арқылы сапарды қысқаша айтқанда жоспарлаңыз. Үрейді жеңіп, бір Аллаға сеніп саяхаттап көріңіз. Ешқандай асырып айтатындай қиыншылық жоқ екеніне көзіңіз жеткен соң, тағы да саяхатқа шыққыңыз келіп тұрады. Қанша көп тәжірибе алсаңыз, соншалықты сенімді боласыз" , - деді саяхатшы блогер.

"Бозжыра шатқалы мені таңғалдырды"

Ол осы уақытқа дейін Қазақстандағы біршама өңірлерді аралаған.

"Осы уақытқа дейін төрт облыстағы бірнеше өңірде болдым. Дегенмен, Түркістан облысының әлі қызықты жерлері көп сияқты. Барған сапарлардың ішінде Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы мені таңғалдырды. Шатқалды ежелгі Тетис мұхитынан қалған деп жатады. Биіктігі керемет. Оны көзбен көру керек. Бұйырса осы көктем мезгілінен бастап Түркістан облысы бойынша сапарға шыққалы жатырмыз. Әрмен қарай сапарымыз Өскемен мен Қызылорда қалаларында жалғасын таппақ", - деді ол.

Айтуынша, саяхаттаудың бірнеше пайдасы бар. 

"Саяхаттаудың пайдасы көп. Атап айтсам, біріншіден, мотивация алып, рахаттанып,  демалып қаласыз. Екіншіден, туыс немесе жақын адамыңызбен саяхатқа шықсаңыз, арақатынасыңыз күшейеді. Үшіншіден, қоршаған ортаны танып, қандай жерлерде қызықты және әдемі табиғат бар екенін көресіз. Сондай-ақ, айналысып жүрген ісіңіз болса, соған қатысты жаңа идеялар пайда болады. Саяхаттау арқылы еліңізді, жеріңізді танисыз", - деді ол.

"Ақпараттық орталықтар қонақ үй тауып береді"

Айбардың айтуынша, әр өлкеге барар алдында сол жерде зерттеп, толық ақпарат жинаған дұрыс.

"Саяхаттауға қызығып жүрген оқырмандарға бірге баратын сапарлас достарыңызға көбірақ көңіл бөлгеніңіз абзал деп айтар едім. Бір-біріңізді қолдап, демеп, мотивация беріп жүретін адам керек. Жоғарыда айтып кеткенімдей, толық жоспарлап, тәжірибелі достарыңызбен ақылдасып, нақты бағытты бірлесіп, құрып алыңыз. Бір өлкені таңдасаңыз, сол жер жайлы әлеуметтік желі немесе Google арқылы толық ақпарат жинаңыз. Мәселен, қызықты жерлері, жергілікті халқы, туристердің жиі баруы, қонақ үйлер мен оның сапасы туралы біліп алған дұрыс", - деді ол.

Тіпті, ақпараттық орталықтарды жарнамаласаңыз, қонақ үй мен тамақтану жағынан көмек беріледі. 

"Мысалы, Алтын-Емел қорығына баратын болсаңыз, Жетісу өңіріне қарайтын VisitZhetysu ақпараттық орталығына байланысқа шығуға болады. Олар сізге қажетті көп ақпарат пен кеңес береді. Тіпті жарнамалап берсеңіз, қонақ үй және тамақтану жағынан көмек беруі мүмкін. Көбінесе солай жасауға тырысамын", - деді ол.

"Экскурсия жүргізгім келеді"

Саяхатшы блогердің негізінен жиһаз сату жұмысымен айналысады. Ал әр өңірге сапарлап бару - оның хоббиі.

"Әйгілі Қытай ойшылы "Өміріңнің соңына дейін жұмыс істемеу үшін хоббиіңді табыс көзіне айналдыр" деп айтып кеткендей, хоббиін табыс көзіне айналдыру әр адамға бұйыра бермейді. Ал мен осы ісімді хоббиім деп санаймын. Негізгі уақытымда жиһаз сату жұмысымен айналысамын. Бұл салада да едәуір тәжірибелі болып үлгердім. Бірақ қазір хоббиіме көп көңіл бөлемін. Өйткені еліміздің туризмін дамытуға үлесімді қосқым келеді", - деді ол.

Айбардың болашақ мақсаты - ішкі туризмді дамыту. 

"Біздің алдағы жоспарымыздың мақсаты - ішкі туризмді дамыту. Өз көлігіммен еліміздің әр бұрышындағы қызықты да керемет жерлерді видеоға түсіріп, халыққа көрсету және сол арқылы туған жеріміздің қызықты жерлерін таныту. Біздің елге шетелдіктер келгенде Қазақстанның әдемі көрінісімен мақтана алатындай, туризмді дамытуда үлкен қадам жасайтындай оларға экскурсия жүргізгім келеді. Экскурсияны құру ісімен айналысу - біздің осы жылға бекітілген мақсат", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!