Президент айтқан суперкомпьютер деген не?

Президент айтқан суперкомпьютер деген не?
Фото: Midjourney

"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин суперкомпьютер қандай болатынын, ол не үшін керегін қарапайым тілде түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Суперкомпьютерге тоқталайын. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ немесе басқа компанияның инженерлері платаларды жинап, керемет дүние жасағалы жатыр деп айтпаймын. Суперкомпьютер дегеніміз не? Қарапайым тілде түсіндірейін. Ол – қазір ішінара қолданатын, бірақ басқа технологияларға негізделген сервер жабдықтарының жиынтығы. Сондықтан бүгінде салада AMD, Nvidia сияқты графикалық видеокарта өндірушілер көшбасшы саналады. Біз әлемдегі дамыған компаниялар пайдаланатын технологияларды сатып алу туралы айтып отырмыз. Біз осы ресурсты алғымыз келеді. Өйткені әлемдегі кез-келген елде мұндай мүмкіндік бола бермейді", - деді Ростислав Коняшкин.

Сондай-ақ басқарма төрағасы жасанды интеллектіні де дамыту маңызды екенін жеткізді.

"Біз қолда бар мәліметтер негізінде жасанды интеллектің жаңа модельдерін құру туралы айтып отырғанымыз түсінікті. Бірінші кезеңде бұл бізге жеткілікті болады деп ойлаймыз. 5 жылдан кейін бізге қанша сервер қажет болатынын айту қиын. Сондықтан біртіндеп шешім қабылдаймыз деп шештік. Біз ЖОО, ғылыми қоғамдастық үшін алғашқы сервер қуатын ұсынуды жоспарлап отырмыз", - деді ол.

Алайда Ростислав Коняшкин жобаға қанша бөлінетінін айта алмады.

Еске салайық, бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қазақстан суперкомпьютер жасауға кірісті деп мәлімдеме жасаған.

"Деректерді басқару жүйесінің бірыңғай архитектурасын енгізген дұрыс. Біз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірістік. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады. Бұл қадам "ауқымды деректерді" кеңінен қолдануға тың серпін беретініне сенімдімін", - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz