"Қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге". Қазақстанның Мәскеудегі жағдайға қатысты ұстанымы айтылды

"Қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге". Қазақстанның Мәскеудегі жағдайға қатысты ұстанымы айтылды
Фото: Мәскеу облысы губернаторының баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады. Кездесу барысында Ресейдегі жағдай да талқыға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Сенатының мүшесі Стив Дэйнске ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Американың ынтымақтастығы дәстүрлі түрде қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар, екіжақты қатынастарда парламенттік дипломатия маңызды роль атқаратынын мәлімдеді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастық мәселелері қарастырылды. Қазақстан Президенті елімізде инвестиция тарту, экономиканы ырықтандыру және өнеркәсіпті дамыту ісіне ерекше назар аударылып отырғанын мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, энергетика, пайдалы қазбаларды барлау әрі өңдеу, инфрақұрылымды жаңғырту және басқа да салалар қазақ-американ қарым-қатынастарының негізгі бағыттары саналады.

Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілді.

"Бұл ретте Президент Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекетті Қазақстан әлемде алғашқылардың бірі болып қатаң айыптағанын және осындай қиын-қыстау кезеңде Ресеймен бірге екенін айтты", - деп жазылған Ақорда мәліметінде.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, барлық ел терроризмге қарсы күресте өзара қарым-қатынастарындағы қайшылықтарға қарамастан, үлкен халықаралық коалиция аясында күш біріктіруге тиіс. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова