"Жасағанынан бүлдіргені көп". Алматы облысының тұрғындары 790 млн теңгеге тартылған су құбырына наразылық білдірді

"Жасағанынан бүлдіргені көп". Алматы облысының тұрғындары 790 млн теңгеге тартылған су құбырына наразылық білдірді
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

"Ауылға су тартамыз деп" көшенің астаң-кестеңін шығарды. Алматы облысына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғындары осылай деп редакциямызға шағым түсірді. Олардың айтуынша, "елді-мекенге су тартамыз" деп 790 млн теңгеге тендер алған жауапты компанияның жұмысында шикілік көп. Ол аздай су тартқан орындар опырылып, бұқараның баспанасына жетуі қиындаған. Жаяу адам жүрмек түгілі, қараша ауласына кіре алмай көлігін көшеге қоюға мәжбүр. Қаладан қырық шақырым жердегі ауылға Massaget.kz тілшісі барып, тұрмысымен танысып, халқымен қауышып қайтты.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Құбыр жүргіземіз деп қазылған шұңқырлар таудың етегіне қоныс тепкен елдің ертелі-кеш уайымына айналған. Себебі жер жіпсіп, су сіңіп, шұңқырдың орны былқыған батпақ.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов

Айналасына қоршау да қойылмапты. Журналистер келеді дегенді естігесін бе, біз барған сәтте-ақ жұмысшылар қоршау қойып жанталасып жатты.

Ал жергілікті жұрт "су жүргізгендер ауылдың астаң кестеңін шығарды" деп налиды.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ауыл тұрғыны Алмас Әжібеков. 

Беттері жабылмаған, әлі жатыр. Бүгін халық жиналады дегенді естіп қазір ғана қимылдап жатыр. Жолдың жиегімен жүру мүмкін емес. Қазған топырақтың бәрін асфальтқа төгіп тастаған. Мәшинемен де жүре алмай қалдық. Бірнеше мәрте сиырлар түсіп кетіп әзер дегенде шығарып алдық. Суды тартып еді, бірақ жүйесі дұрыс емес. Қазып тастап кетті. Құбырдың ішіне малдың нәжісі құйылып жатыр. Не машинамен үйімізге кіре алмаймыз, не шыға алмаймыз", - дейді ауыл тұрғыны Алмас Әжібеков. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Жүйесіз жүргізілген жұмыстың обалы балаларға болды. Ойын баласы ойда жоқта батпаққа батып кетеме деп алаңдайды ата-ана. 

"Қазған кезде бір көшені бітіріп, екіншісіне өтуі керек еді. Ал бұлар деген бәрін бірден қазып тастады. Жасағанынан бүлдіргені көп. Құдай сақтасын, бірақ бала-шаға түсіп кетсе шыға алмайды. Тереңдігі екі метр. Балалар мектепке барады. Аяқ киімдері, шалбарлары бәрі батпақ болып келеді. Менің өзім орталықта тұрам. Соның өзінде осындай қиыншылық бар. Ал ауылдың шетінен келетін балаларға тіптен қиын", - дейді ауыл тұрғыны Динара Жақсылықовна. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

790 миллион теңгеге тартылған ауыз суға бұқараның көңілі толмайды. Жүйесіз жұмыстан бөлек техникалық талап та сақталмаған. Жауапты компания "құжатта көрсетілген мерзімде жұмысты аяқтаймыз" деп жанығып жұмыс істепті. Алайда асыққан істің аяғында шикілік көп болары кәміл. Мұны мәслихат депутаты да мойындап отыр.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жамбыл ауданының мәслихат депутаты Бақтияр Ізбасаров.

"Қыстың көзі қырауда су тартуды тоқтатпай жұмыс істеді. Біз бұл туралы бірнеше мәрте ескерттік. Негізі суық мезгілде мұндай жұмыстар істелмеуі тиіс. Себебі пластикалық құбырлар белгілі бір минус температурада дұрыс жабыспайды. Оның бәрі технологиялық ережелерге сай келмейді. Бұл мәселені әкімдікке айтқанның өзінде "компанияның бір жылдық кепілдігі бар" деген жауап алдық. Ал одан кейін істерінен шикілік шықса халық өздері жасайды деді", - дейді Жамбыл ауданының мәслихат депутаты Бақтияр Ізбасаров. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Ағайынның арыз-шағымын тыңдауға су жүргізген "БАЙМЕН" ЖШС өкілдері де келді. Сөзіне сенсек, барлығы сметалық құжатқа сай жүргізіліп жатыр екен. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. БАЙМЕН ЖШС бас директоры Баймен Жұмағұл. 

"Біз қыстың күні жұмысты тоқтата алмаймыз. Өйткені келісім-шартта көрсетілген мерзім бар. Соған дейін үлгеруіміз керек. Құбырдың ішіне лай кіріп кетті дедіңіздер. Біз сіздерге су бермей тұрып құбырды дизенфекциямен жуамыз. Содан кейін санитарлық-эпидемиологиялық мекемеге анализ тапсырамыз. Бұл суды ішуге бола ма, болмай ма олар анықтайды. Сол кезде ғана біз сіздерге суды жібере аламыз. Қазылған орындарды қалпына келтіру 1-2 күнде аяқтаймыз", - БАЙМЕН ЖШС бас директоры Баймен Жұмағұл. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

2006 жылдан бері Ынтымақ ауылының 95 пайызында су бар. Кенезесі кепкен қараша жоқ мұнда. Десек те жергілікті жауаптылар Ынтымақ ауылына ауыз су жүргізуге ынтызары ауыпты. Бюджеттен қыруар қаржы бөлуге құбырдың тозып, су қысымын беретін құрылғының ескіруі себеп болды дейді. Бірақ бұл ақша ауылдағы ағайынды түгел жарылқауға жетпеген сыңайлы. Үлкен көшелердің бір жағымен құбыр өткізсе, көшенің қарсы бетіндегі бұқара 80 мың теңге төлеп үйіне су кіргізуге мәжбүр. Ал жауаптылар суы бар үйге "сексен мыңға тіршілік нәрін тартып алыңдар" деп үгіттемейтінін жеткізді. Әркімнің өз еркі.  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.

Хош. "Болар іс болды, бояуы сіңді". Қыруар қаржы бөлінген жобаны жауаптылар жөндеп жасаса дейді жергілікті ел. "Бұқа ма, бақташы ма, кім кінәлі, туады деген құнажын қысыр қалса" демекші, кейін құбырдан кінәрәт шықса кім жауап береді?  

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов. 

"Біз тәуелсіз сарапшыларды шақырып тексертеміз. Мемлекеттік бағдарламаның негізінде жасалғандықтан таза ауыз су ауылға бәрібір тартылады. Қазылған жұмыстарды қалпына келтіру жұмыстары 1-2 күнде мердігер аяқтайды. Компанияның 2 жыл кепілдігі бар. Халықтың талабын орындамай мемлекеттік қабылдау актісіне қол қойылмайды. Құжат бойынша 11 шақырым ауыл ішіне су тартылуы тиіс болатын. Қазір жұмыстардың барлығы аяқталды. Енді топырақты сығымдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның барлығы біткеннен кейін жұмыстарды қабылдап аламыз. 2024 жылдың 30 мамырына дейін аяқталуы тиіс", - деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Әкімнің орынбасары да, мердігерде жанайқайын айтқан жұрттың көңілін бағуға, тілін табуға бейін. Көнбіс елге көл-көсір уәде беріп кетті. Жасаймыз, қатырамыз деген құрғақ сөз бе, құнарлы әңгіме ме, оны уақыт көрсетеді. Себебі, бұған дейін қыста жасалған жұмыстың кесапатын Самсы ауылы мен Жаңақұрылыс шағынауданындағы қараша көрген. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Ал ауылда ауыз судың әлегінен бөлек мәселе шаш етектен. Кең көшеде бірде-бір жарықшам жоқ. Ымырт түссе Ынтымақтағы ел үйлеріне асығады. Себебі айдың жарығымен түн жарымда көшеде жүруге қорқады. Кейбір көшелердің электр желісі тіптен дұрыс емес. Басында бес үйге есептелген трансформаторға бүгінде 20 баспана тіркеліпті.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Екі сым бір-біріне тимеу үшін бұқара тас байлап қойыпты.    

"Көшелерде жарықшамдар жоқ. Оқушылар қыстың күні таңертең сабаққа бара алмайды. Баласын сүйреген бір-бір ата-ана. Жарық қоямыз дегендеріне 7-8 жыл болды. Бірақ бәрі құрғақ уәде. Мына тастың тұрғанына 3 жыл болды. Мына екеуі бір-біріне тиген соң, амалсыз тас байлап қойдық. Бұл көшеде жарық жиі өшеді. Майшаммен отырмыз. Техникамыздың бәрі күйіп болды. Әкімдік құлақ аспайды", - дейді ауыл тұрғыны Сейсен Жұмақан.

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Әкімдік өкілдері бұл мәселеге келгенде бар кінәрәтті мердігер компанияға сыра салды. 

"Жарықшамдар бойынша "Элком" компаниясы 121 млн теңгенің тендерін ұтып алды. Олар жұмысты жасамақ түгілі бастаған жоқ. Біз тек қаржының 30 пайызын бергенбіз. Енді ол мердігерді сотқа беріп жатырмыз. Жақында ғана сот шешімі шығып, обьектіні бітіріп беруге міндеттеді. Біз қосымша қаржы бөлмейміз. 30 маусымға дейін жұмыстар бітеді", - деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары. 

Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. 

Ал әлгі бір тастың қай уақытқа дейін қарашаға қызмет етіп тұрары белгісіз. Жергілікті әкімдіктен қайыр болмаған соң тұрғындарға туған жердің тасы көмекке келгендей. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов