Алматы облысында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып төрт адам қаза тапты

Алматы облысында жеңіл көлік пен жүк көлігінің соқтығысуы салдарынан төрт адам қаза тапты. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"23 наурызда сағат 13.45 шамасында Алматы-Астана тасжолының 35-шақырымында ауыр салмақты DAF көлігі мен Daewoo жеңіл көлігі жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ, екі зардап шегуші жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды, олардың бірі есін жимастан қаза болған", - делінген хабарламада.

ПД мәліметінше, қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасына қатысты сараптама тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

"Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін облыс тұрғындары мен қонақтарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз", - деп қосты полицейлер.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!