"Өркениеттен алыс қалдық": Түркістан облысында бір ауыл жарықсыз отыр

"Өркениеттен алыс қалдық": Түркістан облысында бір ауыл жарықсыз отыр
Фото: Almaty.tv

Түркістан облысындағы Шоқтас ауылының тұрғындары өркениеттен ада қалғанын айтып отыр. 500 шаңырақ түтінін түтетіп отырған елдімекен бұған дейін Сауран ауданына қараса, былтырдан бері Кентау қаласының қарамағына өткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

"Қыста боранда үш күн қараңғыда отырдық. Кентау қаласының әкімі келіп кетті. Сол кезде берген уәде орындалған жоқ", - деді облыс тұрғыны Қарлығаш Сәрсенбаева.

500 шаңырақ түтінін түтетіп отырған ауылдағы жарық бағаналары осыдан 100 жыл бұрын қондырылған. Ғасыр жасаған ағаштардың біршамасы құлап, шарасыз тұрғындар үзілген сымды қайта байлап қоюға мәжбүр болған.  

"Тоңазытқыштар күйіп кетті. Бағаналар құлап жатыр. Әкімдік "бюджеттен қаржы бөлінген жоқ" деп жауап береді", - деді облыс тұрғыны Бақтылы Абдуллаева.

Ал билік өкілдері құжатты реттеп жатқанын айтты. Кентау қарамағына былтыр өткен аумақтың қағазы реттелген соң ғана коммуналдық жүйеге көңіл аударылмақ.

"2023 жылы шілдеде Сауран ауданынан 75 мың гектар жерді Кентау қаласына беру бойынша Үкіметтің қаулысы шықты. Аталған жер құрамында екі елдімекен бар. Қотырбұлақ және Шоқтас елдімекендері мүлкін қала әкімдігіне өткізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбай.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова