Ресейдегі президент сайлауы: СІМ пікір білдірді

Ресейдегі президент сайлауы: СІМ пікір білдірді
Фото: depositphotos.com

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресей Федерациясында өткен президент сайлауына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ресейде өткен президент сайлауы – бұл РФ-ның ішкі ісі. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, Қазақстан байқаушыларды жіберді. Мұны жаңалықтардан оқыған шығарсыздар. Мен байқаушылардың санын айта алмаймын. Толық ақпаратты алу үшін Орталық сайлау комиссиясына хабарласа аласыздар. Олар айтуға тиіс. Ресей – Қазақстанның стратегиялық серіктесі және одақтасы. Сондықтан біз Ресейде болып жатқан процестерді қолдаймыз және оң бағалаймыз", - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, биыл 15-17 наурызда Ресейде президент сайлауы өтті. Оған 4 кандитат қатысты: Владимир Путин (өзін-өзі ұсынды), Николай Харитонов ("КПРФ"), Владислав Даванков ("Новые люди"), Леонид Слуцкий ("ЛДПР").

Ресей орталық сайлау комиссиясы Владимир Путин президент сайлауында жеңіске жетті деп хабарлады.

Сайлау бюллетеньдерінің 97 пайызы саналғаннан кейін Путиннің 87,3 пайыз дауыс жинағаны белгілі болды. Осылайша, ол бесінші рет президент атанды.

Сондай-ақ сайлауда бюллетеньдердің 1,4 пайызы жарамсыз деп танылды.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz