Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың бәрі қиналып жүрген жоқ - СІМ

Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың бәрі қиналып жүрген жоқ - СІМ
Фото: Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров шетелде қанша қазақстандық жұмыс істеп жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Конституция бойынша әр адам қайда барғысы келеді, қайда тұрғысы келеді, не істегісі келеді - заңды құқығы бар. Сондықтан шетелде жұмыс істеме деп ешкім айта алмайды. Әр адамның өз еркі. Бірақ бізде тек заңсыз жүргендерді көріп, солардың жағымсыз оқиғаларын естіп, шетелде жүргендердің бәрі қиналып жүр деген пікір қалыптасқан. Ол дұрыс емес. Себебі шетелде қаншама қазақстандық азамат жақсы жұмыс істеп жатыр. Жалақылары жақсы, тәжірибесі мол.

Мысалы Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген 8-9 мың адам болса, заңды жүргендер 20 мыңнан асып түседі. Олардың бәрі пластикалық хирургтан бастап шаштаразға дейін жұмыс істейді. Қайта мақтану керек", - дейді Смадияров. 

Айта кетейік, бұған дейін президент шетелде шамамен 200 мыңға жуық қазақстандықтың заңды түрде жұмыс істеп жүргенін айтқан еді.

"Соңғы жылдары жастарымыз да шетелге жиі шыға бастады. Қазір Қазақстанның 200 мыңға жуық азаматы заңды түрде сыртта жұмыс істеп жүр. Табыс табу үшін шетелде бейресми еңбек етіп жүргендер де бар. Қай жерде болсын, еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Сонда мемлекет олардың құқығын қорғап, қандай да бір жағдай болса, көмектесе алады.

Ел ішінде немесе шетелде заңды түрде жұмыс істеп, табыс табуға мүмкіндік туса, одан бас тартпаған жөн. Ең бастысы – адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу", - деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Құрылтайда.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz