"5 жылдан бері аяқтамаған суретім бар". Суретші Елдос Азаматұлымен сұхбат

"5 жылдан бері аяқтамаған суретім бар". Суретші Елдос Азаматұлымен сұхбат
Фото: жеке мұрағатынан

Бүгінде бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгерумен қатар, еліміздің атын әлемге танытып жүрген суретшілер аз емес. Солардың бірі - Абай, Шәкәрім дүниеге келген топырақта туған ұлылар елінің ұрпағы Елдос Азаматұлы.  Ол жақында Франциядағы Мондиал арт-академиясының мүшелігіне қабылданған. Халықаралық бірнеше көрмелерге қатысқан, туындылары да шетелдіктердің сұранысында. Massaget.kz тілшісіне қылқалам шебері Елдос Азаматұлымен бейнелеу өнерінің жай-күйі, суретшілердің хал-ахуалы және суреттері туралы айтып берді. 

"Ұстаздарым қабілетімді аша білді"

Елдос Азаматұлының бойына бұл қабілет нағашы атасынан дарыған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от YELDOS AZAMATULY (@yeldos_azamatuly9)

"Үлкен нағашы атам ұста, шебер, ағаштан түйін түйген кісі болған. Әкем шебер, жұмыстың ыңғайын білетін, епті адам. Осы екі кісінің қабілеті бойыма дарыған болар деп ойлаймын. Бейнелеу өнеріне қызығушылығым бала кезден басталды. Кішкентай кезімде "менікі жақсы болса екен" деген оймен сурет салуға талпынып жүрдім. Сурет салатын адамдарға қызығатынмын. Нағашы ағам суретті жақсы салатын. Үйге келген кезде қағаз-қарындаш апарып, сурет салып беруін өтінетінмін. Кейін суретшілерді зерттеп, олардың техникасын зерттей бастадым", - деді ол.

Кейін суретші Т.Жүргенов атындағы оқу орнында білім алып, тәмамдап шыққан.

"Мектепте сурет үйірмесіне қатысатынмын. Сұлтан Сымбат есімді мұғалімдерім бейнелеу өнеріне қызығушылығымды арттырып, қабілетімді аша білді. Бала күнімде салған суреттің бәрі жаныма жақын. Салған суреттен бұрын мектептің шеберханасындағы атмосфера маған ұнайтын. Жеке өзің сурет салған керемет кез еді. Кейін 6-сынып бітірген соң Т.Жүргенов атындағы мектеп-интернатта оқыдым. Осы оқу орнында колледжді мүсін өнері, жоғары білімді графикалық дизайн мамандығы бойынша білім алдым. Дегенмен, осылардың ішінде сурет салу өнері жаныма жақын", - деді ол. 

"6 жылдан бері аяқтамаған суретім бар"

Суретшінің айтуынша, "Құралай" туындысын 2018 жылдан бері әлі аяқтамаған.

"Құралай" туындысын 2018 жылдан бастап салдым. Әлі күнге дейін бітірмедім. Дегенмен, әртүрлі көрмеге, байқауға қатысып жүрмін. Халықаралық Golden time talent байқауында 1-орын иелендім. Суретте қазақ даласындағы киелі жануар құралайды ұстап отырған қызды бейнеледім. Одан 3 жыл бұрын осы суретке эскиздер сыздым. Өзгерту әлі жалғасып келе жатыр. Салған туындымның көңіліме қонбайтын кездер болады. Бұл дамудың белгісі деп ойлаймын. Суреттің қазіргі нұсқасы алғашқыдан өзгеше. Ең алғашқы нұсқасында ұлттық киімде қызды бейнелеген едім", - деді ол.

Қазір ол тарихи жанрдағы туындысын аяқтауға жақын.

"Қазір сақтардың аңшылығы туралы тарихи жанрдағы сурет салып жатырмын. Көріп тұрғаныңыздай, бұл жерде ханзаданың аңға шығуы бейнеленген. Аңға шыққан ханзаданың алдынан жолбарыс шығып қалады да, сол кездегі оның батылдығы суретте көрсетілген. Ал артындағы нөкерлері түсінбей әлі шауып келе жатыр. Бұл туындым толықтай дайын болып қалды. Киіміндегі алтын әшекейлерді аяқтау керек. Суретті Жаңа жылдан кейін бастағанмын, шамамен 2,5-3 ай болып қалды", - деді ол.

"Халықаралық академияның мүшелігіне қабылдандым"

Елдос Азаматұлы жақында Франциядағы Мондиал арт- академиясының мүшелігіне қабылданған.

"Одан кейін бір суретімде ұлымды бейнеледім. Ұлым Алматы қаласында дүниеге келгеннен кейін портретін Алматымен байланыстырып, алма бағындағы суретін салдым. Әлеуметтік желіде байқауларды әрдайым іздеп отырамын. Шығармашылығыма жақын болғандарының әрқайсысына қатысамын. Туындыларымның бәрін Франциядағы Мондиал арт- академиясына жібердім. Сонда арнайы комиссия құрылып, мені академия мүшелігіне қабылдады. Оның бір ерекшелігі - шетелде қандай байқау болса да, бізді хабарлар етіп отырады", - деді ол.

Оның туындыларының 90 пайызы акварельмен салынған.

"Бізде акварельмен салатын суретші аз. Себебі техникасы өте күрделі. Бала күннен таныс бояу болғанымен қиындау. Майлы не акрил бояумен салғанда қате кетсе, үстінен түзетуге болады. Ал акварельде олай емес. Бұл бояу мұқияттылық, ұқыптылықты талап етеді. Акварель бояуды зерттеп келе жатқаныма 6-7 жыл болды. Көбінесе мақтадан жасалған қағазды қолданамын. Акварельде қағаздың қалыңдығы өте маңызды", - деді ол. 

"Әртүрлі жанрда сурет саламын"

Кейіпкеріміздің шығармашылығында нақты бағыт жоқ. Суреттердің арасынан түрлі тақырыпта салынған туындыларды кездестіруге болады.

"Тарихи тақырыптардағы суреттер де, табиғатты бейнелейтін суреттер де кездеседі. Ұлы тұлғалардан Абай атамыздың, Әлихан Бөкейхановтың портретін салдым. Әлихан Бөкейхановтың портретін жастарға рух берсін деп мұрағаттағы суреттеріне қарап, көрегенді азамат ретінде бейнеледім. Суреттерімді салған соң көрмеге қоямын. Әртүрлі жанрда сурет саламын", - деді ол.

Оның айтуынша, кез келген суретті салу үшін алдымен жай қағазға түртіп алады.

"Суретшілердің шығармаларын қараған кезде маған идея келеді. Кейде айналамнан әдемі көрініс көрсем, оны бірден блокнотқа немесе телефонға жазып аламын. Тақырыбын жазып, қалай бейнелеу керектігін жазып аламын. Сурет салу - пазл құрастырумен тең. Әрнәрсені жинақтап келіп, толық картинаны құрастырасың. Маған сурет салудан гөрі эскизді ойластыру әлдеқайда қиынырақ. Көпшілікке әсерлі болу үшін көп әрекеттену керек", - деді ол.

Суретші бір суретке ұзақ уақыт арнайтынын айтты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от YELDOS AZAMATULY (@yeldos_azamatuly9)

"Бір суретті нақты мына уақытты аяқтаймын деп айта алмаймын. Техникасына, мәнін ашуға көп уақыт жұмсалады. Сол үшін уақытын есептемеймін. "Кейде бір суретті соншама уақыт қалай салғанмын?" деп  таңғаламын", - деді ол.

"Шетелдіктер суретіме жиі тапсырыс береді"

Ол қазіргі таңда осы салада шәкірт дайындап жүр.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от YELDOS AZAMATULY (@yeldos_azamatuly9)

"Қазақстандық суретшілерден Нұрлан Қилыбаев, Досбол Қасымовтың шығармашылығы ұнайды. Бірақ олар акварельмен сурет салмайды. Көбінесе акварельмен сурет салатын шетелдіктерді жиі қараймын. Қазіргі таңда Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының колледжінде сабақ беремін. Сондай-ақ шеберханама келіп үйренетін оқушылар бар", - деді ол.

Суретші шетелдіктер туындыларын жиі сатып алатынын айтты.

"Суреттерімді сатамын, бірақ бағаларын айта алмаймын. Өйткені баға тек суретімнің, оны салған менің еңбегімнің көрсеткіші ғана емес,  отбасымның, балаларымның да несібесі шығар деп ойлаймын. Суреттерімді шетелге сатамын. Қазақстанда сурет сатып алу мәдениеті қалыптаспаған. Адамдардың бәріне суретім ұнайды. Мүмкін сатып алуға қаражаты жетпейтін шығар деп ойлаймын. Төрімізде әдемі картина ілінгені дұрыс. Бұл - мәдениеттің жоғары көрсеткіштерінің бірі. Сол арқылы суретшінің жан дүниесін ұғынасың", -деді ол.

Сондай-ақ, портрет жанрындағы суретке елімізде жиі тапсырыс түсетінін де атап өтті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от YELDOS AZAMATULY (@yeldos_azamatuly9)

"Олар көбіне кішірек өлшемдегі туындыларға қызығады. Көбінесе Instagram арқылы алып жатады. Табиғат жанрындағы суреттерді жиі алады. Қазіргі уақытта суреттерімді сатпай отырмын. Себебі көрмеге қатысуым керек. Соған суреттерімді жинап жатырмын. Негізі тапсырыспен де сурет саламын. Бірақ шетелден тапсырыс түспеді. Ал Қазақстанда портрет жанрына тапсырыс жиі аламын",- деді ол.

"Суретшілерге қолдау керек"

Оның айтуынша, еліміздегі бейнелеу өнері ерте дамыған және кеш қалған.

 "Біздің елде бейнелеу өнері ең ерте дамыған және кенже қалған деп айтар едім. Сақтар кезеңінде аң стилі әшекей бұйымдарына қарасақ ерекше талғаммен жасалған. Зерттеуге тұрарлық дүние деп айтсақ болады. Сол жағынан өнер ерте дамыған деп айта аламын. Ал кенже қалған дейтін себебім де бар. Бізде ең алғашқы кәсіби суретші Әбілхан Қастеев дейміз ғой. Европада бұл өнер ерте дамып кеткен. Қайта өрлеу, Романовтар дәуірінде керемет туындылар салған суретшілер бар", - деді ол.

Елдос Азаматұлы суретшілерге өнерде қолдау керегін баса айтты.

"Еліміздегі суретшілердің әрқайсысы өз алдына ерекше бағалы. Дегенмен келе жатқан жас буынға қолдау керек. Біздің елімізде суретке екінің бірі тапсырыс бермейді. Суретшілер нәпақа табу үшін әр жерде сабақ береді, мастер класс өткізеді. Солай өздерінің ақшаларын тауып жатыр. Салынған туындылар көп өтпейді. Ал суретші  салған туындыны сату керек қой. Сондай кезде қиындық тудырады", - деді ол.

"Өмірдің мәнін жоғалтып алғандай болдым"

Ол кейде суреттен шаршағанда демалатынын айтты. Ал суреттерін күндіз Күннің жарығымен салғанды ұнатады.

"Үнемі сурет сала беру адамды шаршатады. Сол үшін студенттерге сабақ беремін. Ойың бөлінеді, сөйлесесің. Шеберханаға келіп, тыныштықта сурет саламын. Екі ортада баланс болады. Бірақ шабытты кейде түсінбейсің. Бірде студенттердің алдында мастер-класс көрсетіп, сурет салуға шабыттанып кеттім. Әр кезде әртүрлі. Шаршаған сәтте қылқаламды қойып, демалу керек. Суретті күндіз саламын. Күннің жарығымен сурет салған ұнайды. Ал түнде жұмыс істеу қиынырақ. Менде бәрі кесте бойынша,  түнде ұйықтау керек", - деді ол.

Кейіпкеріміз басқа салада жұмыс істеп көргенімен, өмірдің мәнін жоғалтып алған. 

"Шабытыңды тар жолмен іздеп отырып, әрі қарай дамытасың. Тіпті, шеберханаға жұмыс істеуге келе жатып,  жұмысың жүре ме, жүрмей ме  - білмейсің. Бірақ үздіксіз әрекетті жалғастыра беремін. Шабытты күтіп жата берсем - мүлдем сурет салмай кетер едім. Сол үшін үнемі қозғалыста болу керек. Басқа салада жұмыс істеп көргем. Өмірдің мәнін жоғалтып алғандай болдым", - деді ол.

"Бейнелеу өнеріне көбірек көңіл бөлінсе екен"

Елдос Азаматұлы алдағы болашақ жоспарларымен бөлісті.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от YELDOS AZAMATULY (@yeldos_azamatuly9)

"Алдағы уақытта көрмелерге жиі қатысуды жоспарлап жүрмін. Шығаршалығымда ұлттық бояудағы, абстракциялық туындыларды салғым келеді. Салған туындыларымның барлығын шетелге көбірек көрсету керек. Жұмысты сату - негізгі мақсат емес", - деді ол. 

Сонымен қатар, суретшілерге қай жағынан қолдау керегін де атап өтті.

"Елімізде бейнелеу өнеріне көбірек көңіл бөлінгенін қалаймын. Суретшілердің туындысына,  олардың шығармашылықпен айналысуына, жұмыс істеуіне көбірек насихат жасалса деймін. Ел аузында айтылса, көпшілік те көреді, оларды түсіне бастайды. Мұның бәрі өнерге насихаттың жоқтығынан деп ойлаймын. Жыл сайын академияны бірнеше суретші бітіреді, сонда олардың бәрі қайда? Бәрінің де сурет салғысы келетінін білемін. Тек қолдау болмаған соң әрқайсысы жан-жақта. Бейнелеу өнері даму үшін осылар ескерілуі керек",- деді ол

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы