- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күйзелдім": Жұртты шулатқан...
"Күйзелдім": Жұртты шулатқан ток-шоу қонағы алғаш рет мәлімдеме жасады
Әлеуметтік желіде "Хабар" телеарнасындағы ток-шоуға қатысты қызу пікірталас жүрді. Желіде тараған кадрларда "Бірақ..." бағдарламасының жүргізушісі эфирге келген қонақтан "күйеуіңіз ұруға себеп бола ма?" деп сұрайды. Одан бөлек әлеуметтік желіде эфир қонағы мен бағдарлама арасындағы келісімдер сақталмағаны, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге ескертпей, оның күйеуін де бағдарламаға қонақ ретінде шақырғаны айтылды.
Бұл оқиғаға бес күн өтті. Эфир қонағы болған әйел қазіргі жағдайын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қорғау Астана" дағдарыс орталығының әлеуметтік желідегі парақшасында видео жарияланды. Орталық өкілінің сөзінше, "Бірақ..." ток-шоуына қатысқан Гүлмира мықты әйел, оқиғадан кейін де күнде жұмысына барып жүрген. Әйел қазір балаларымен бірге орталықта өмір сүріп жатыр екен.
"Бес күн өтті, көбі жазып жатыр. Біреуі қолдайды, біреуі актер дейді, көп адам Гүлмира қалай, қайда екенін сұрады. Сондықтан кішігірім видео түсіреміз деп шештік. Алғашқы екі күнде бәрімізге қиын болды, одан кейінгі екі күнде көп жұмыс істелді. Гүлмира психологпен осы жағдайға қатысты жұмыс істеді, сонымен қатар, жұмысына да барып жүрді. Ол өте жауапты, қандай жағдай болса да солдат сияқты жұмысқа барады", - деді орталық өкілі.
Ал Гүлмира өзін қолдаған жандарға алғысын білдірді.
"Барлығы жақсы. Күйзеліске түстім. Енді жақсы болып келе жатырмын. Мені қолдап жатқан адамдарға рақмет. ...Қатты күйзелдім", - дейді видеода әйел.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Еске салайық, бұған дейін "Хабар" телеарнасындағы "Бірақ..." ток-шоуы жабылатыны белгілі болды. Мұны мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-те жазды.
Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев "Хабар" арнасындағы "Бірақ" ток-шоуында туындаған дауға қатысты пікір білдіріп, халықтың пікірі ескерілгенін мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова