"Бұлардың артында дөкейлер тұр ма?" Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының соты туралы айтты

"Бұлардың артында дөкейлер тұр ма?" Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлының соты туралы айтты
Фото: әлеуметтік желі

Ақын Серікзат Дүйсенғазы марқұм ұлына қатысты сот процесі жалғасып жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Оның айтуынша, демалыс орындарын бақылайтын орган жоқ. 

"Марқұм балам Әлиханның қайғылы жағдайына байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Өткен аптада "Елікті Парк" шаңғы базасына барып, оқиға орнында көшпелі сот отырысы өтті. Соттың шешімі шықпаған соң ол жайында бірдеңе деуге әлі ерте. Ал бір жарым жыл уақыт өтсе де жұмысын тоқтатпай жалғастырып жатқан "Елікті Парк" шаңғы базасының оқиғадан еш қорытынды шығармағаны мені алаңдатып отыр. Әлиханнан кейін тағы екі әйел адам соғылса да жұмысының дұрысын дәлелдеп, заңнан да, қоғамнан да қаймықпайтын сыңай танытып отыр. Тіпті сотталмайтындарына да сенімді сияқты. Әлде бұлардың артында да бір дөкейлер тұр ма? Техникалық қауіпсіздік деген мүлде жоқ екені соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұрса да арсыздыққа салып қасарысып бақты. "Елікті Парк" шаңғы базасының қожайыны С. деген азамат өзі сотқа куәгер ретінде қатысып (сотталып жатқан оның уақытша орнына қойған жиені), "біз тек шаңғыны жалға берумен айналысамыз. Қалған қауіпсіздікте шаруамыз жоқ" деген сөзі ақшадан басқа ештеңе ойламайтын тоғышарлықтың белгісі емес пе? Ол жерде шаңғы тепкен бір адам күніне кемінде отыз мың теңге ақша қалдырады. Жүз мың, екі жүз мың тастап кететіндер де бар. Осынша ақша төлеп кірген адамға демалысқа жағдай жасалуы керек қой. Өкінішке қарай, біздің Қазақстандағы демалыс орындарының көбінің жағдайы осындай. Бір жылдан бері зерттеп байқағаным, бұларды қадағалайтын мемлекеттік орган жоқ екен. Бір-біріне сілтеп, басымызды қатырумен бір жылымыз өтті. Бұлардың жұмысына рұқсат ететін лицензияны өздері сияқты бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік береді екен. Астанадан бір дүңгіршек ашсаң, бірінен соң бірі келіп, әкіреңдейтін құзырлы органдардың демалуға адам көп баратын шаңғы базаларына еш қатысы жоқ болып шықты", - дейді ол. 

Оның айтуынша, ұлы соғылған трассаны жағалай тор қоюды талап еткен. 

"Былтыр Әлихан соғылған талдың трассасы жағалауына сетка құруды талап еткен болатынмын. Сөйтсем сетканы апарып, сол талға байлап қойыпты. "Шаңғы трассасының бойына неге сетка қоймайсыңдар?" десем "орман шаруашылығы басқармасы орманды қоршауға рұқсат бермейді" дейді. Күлейін бе, жылайын ба?! Ол орман шаруашылығы басқармасы ондай қауіпті жерлерге шаңғы базасын салуға неге рұқсат береді екен онда? Біздің елде өзі адамның өмірі қымбат па, әлде орман қымбат па?" - деп жазды ақын. 

Өнер иесі шаңғы базасына лицензия берген ұйымды да лицензиясынан айыру керегін алға тартты.

"Адам түсінбейтін сұмдықтарға тап болғанда қанша патриот болсаң да осындай елде туып, осындай елдің азаматы болғаныңа өкінеді екенсің. Әр азаматының өмірін қорғауға кепілдік берген Үкіметіміз қайда? Заңымыз қайда? Осындай ынсапсыз байлардың бизнесін ғана қорғайтын биліктен бізге не пайда бар? Әлиханнан кейін әйелдердің бірі соғылған темір бағандарға матрас орап тастапты. Бұл қай жерден алынған стандарт? Қатты кеп соғылған адамға матрас қорған болады деп кім айтты екен бұл жазғандарға? Әлемдік стандарт бойынша ол жерлерге сетка немесе жұмсақ пласмассадан жасалған қорғаншалар қойылушы еді ғой. Осындай көзбояушылықпен айналысатын шаңғы базасына лицензия берген ұйымның өзін лицензиясынан айыру керек болар. Маған былтырдан бері әлеуметтік желі арқылы қанша адам хабарласты. Бірінің баласы, бірінің бауыры, бірінің қарындасы осындай жағдайдан қайтыс болған. Олардың ешқайсының ісі сотқа жетпеген. Барлығын тергеу кезінде "несчастный случай" деп жауып тастап отырған. Әлиханның ісі сотқа дейін жеткен алғашқы іс екен. Оның өзі менің шырылдап, әр есікті бір қағып, әр табалдырықтарды тоздыруыммен жүзеге асқан шаруа. Әйтпесе, біз де солардың кебін киеді екенбіз", - дейді ол. 

Сондай-ақ, ол бұл мәселеге қатысты журналистік зерттеу жасайтынын айтып, серіктестікке ашық екенін айтты. 

"Менің "ұзында өш, қысқада кегім" жоқ. Өлер бала өлді. Енді оны қайтара алмаймыз. Тек осындайларға қатаң шара қолданылмайтындықтан ойларына келгенді істеп отырғаны жаныма батады. Екі адвокат жалдап алып, еш кінәсіз екендерін дәлелдеуге барын салып жатыр. Оларға барлығымыз қырылып қалсақ та бәрібір сияқты.  Екі ай соттасып, апта сайын Зерендімен екі ортада сенделу маған психологиялық тұрғыдан оңай тиіп жатқан жоқ. Бір постқа бәрін сыйдырып жазу мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселеге журналистік зерттеу жасаймын, бағдарлама жасап, халыққа пайдамды тигіземін деген әріптестерім болса мен барлығына ашық екенімді жариялаймын", - деп қорытындылады ақын. 

Айта кетейік, бұған дейін ол қайғылы оқиға болған жерді көрсеткен еді. 

Еске салайық, бұған дейін де Ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлының қазасына қатысты тергеу деректерін жариялады.

Ақын Серікзат Дүйсенғазының ұлы мерт болған курортқа қатысты іс қалай жүріп жатыр?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек