"Хит кушонды" алуға кеңес бермеймін". Косметолог көктемгі бет күтімінің құпиясын айтты

"Хит кушонды" алуға кеңес бермеймін". Косметолог көктемгі бет күтімінің құпиясын айтты
Фото: Жеке мұрағатынан

Бет күтімі әрбір қыз-келіншек үшін маңызды тақырып. Беттегі мәселелер әйелдердің өзін-өзі бағалауына да әсерін тигізетіні рас. Осы орайда Massaget.kz тілшісі эстет-косметолог Бибінұр Нұршекеннен көктемгі бет күтімі және құрамы таза, сапалы косметиканы қалай таңдауға болатыны туралы сұхбаттасты.

"Үнемі күтім жасап үйрену керек"

Косметологтың айтуынша, бетке күтім жасау - жеке гигиенаны сақтау.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КОСМЕТОЛОГ-ЭСТЕТИСТ (@bibinur_nursheken)

"Мысалы, тіс дәрігеріне біз жарты жылда барып тұрамыз. Бірақ дәрігерге көрінгеннен кейін "тісімізді жумасақ болады" деп айтпаймыз ғой. Сол секілді бетке де үнемі күтім жасап үйрену керек. Бетіңізде мәселе туындаса да, туындамаса да тазалап отыру маңызды. Қазір жастар бет күтімін ерте қолға алып жатыр. Сонысы қуантады. Тіпті, 11-12 жастағы жасөспірімдер бетке жақсы күтім жасайды. Оларға бетті жұмсақ тазалаушы көбік, ылғалдандыратын тонер және SPF кремі болса жеткілікті. Үнемі бетті осылай тазалап отыру жүйелілікке, әрі қарай әдетке айналады. Бұған аса бір ұзақ уақыт кетпейді. Тіс жууға кіргенде беттің күтімін де ұмытпау керек", - деді ол.

Бибінұр бет күтіміне 30-ға жақындағанда ғана күтім жасап, мән бере бастаған.

"Біз бетке күтім жасауды 30 жасқа келгенде ғана қолға алдық. Мәселен, жасым 33-те. Осыдан 4-5 жыл бұрын ғана қолға алдым. Оған дейін мүлдем ізденбедім. Себебі 30 жасқа дейін бетіміз әдемі болды, жас көріндік. Сол үшін мән бермедік. Бірақ белгілі бір уақыт өткен кезде беттегі өзгерісті көріп,  көңіл-күйім түсті. Бала босанғаннан кейін әйел адамның денсаулығында өзгеріс болады ғой. Бетімнен солғындықты байқадым, бұрынғыдай әдемі жылтырлық, тегістік жоқ. Содан кейін ғана беттің күтімін қолға ала бастадым", - деді ол.

"Өнімнің құрамын тексеремін"

Кейіпкеріміз алғашында ресейлік сайттардан ақпарат оқып ізденген. Кейін әлемдік сайттардан ағылшын тілінде зерттеп, осы салада біраз білім жинақтаған. Білімін толықтыру мақсатында арнайы  косметолог мамандардан білім алған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КОСМЕТОЛОГ-ЭСТЕТИСТ (@bibinur_nursheken)

"Бұл салада 5 жылдан астам тәжірибем бар. Өзімдегі жақсы нәтиже де бұның бір дәлелі. Жалпы эстет-косметолог үй жағдайындағы бет күтімін қарапайым түрде құрастырып береді. Бұл жерде әр косметиканың құрамын зерттеп,  тексеремін. Кез келген косметиканы алдырмас бұрын алдымен құрамын қараймын. Қандай компоненттер бар, терімен байланысқанда қандай нәтиже беруі мүмкін, бағасы соған сай ма деген сұрақтарға жауап іздеймін. Нәтижесінде нақты мәселемен келген қыз-келіншектерге тері типіне сай косметиканы үйлестіріп беремін", - деді ол.

Оның айтуынша, консультацияға көбінесе 25-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер жүгінеді. Ал 45-тен жоғарғылардың аз мөлшері ғана күтімге мән беретінін атап өтті.

"Әйелдерде көбінесе беттегі пигментация, әжімдердің көбеюі мен безеудің шығуы жиі кездеседі. Әр адамның тері типі әртүрлі болады. Тері типі құрғақ, майлылыққа бейім және аралас, қалыпты тері болып бөлінеді. Дегенмен тері типі ешқандай қиындық тудырмайды. Бастысы - маманға келгенде терінің жағдайын сипаттап айта алу керек. Бетке күтім жасағаннан ешқашан тері типі өзгермейді, тек терінің жағдайын ғана жақсартамыз. Сондықтан маманға беттегі нақты мәселені айтып үйрену керек", - деді ол.

Маманның айтуынша, көпшілік арасында косметикалық өнімдерге қатысты түрлі стереотип бар.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КОСМЕТОЛОГ-ЭСТЕТИСТ (@bibinur_nursheken)

"Кореялық өнімге тері тез үйреніп алады, Кореяда күн ылғалды, сол үшін бізге бұл келмейді" деген миф бар. Олай емес. Керісінше, косметика индустриясы Кореяда жақсы дамыған. Тіпті Америкадағы әлем жұлдыздарының декортивті косметикаларының өзі Кореядан шығады. Кореяның өнімдері көбінесе базалық күтімге қажет түрлі компоненттерден тұрады. Сол үшін бетті тазалау, ылғалдандыру, күннен қорғауға байланысты өнімдерді Кореядан алуға кеңес беремін. Себебі бағасы сапасына сәйкес деп айтар едім. Ал белсенді компоненттерді ресейлік, америкалық компаниялардан іздеген жөн. Косметиканы ұсынғанда әртүрлі компаниялардан терінің типіне және проблемасына сәйкес үйлестіріп беремін", - деді ол. 

"Барлық адамға бірдей косметика ұсынады"

Бибінұр өзінің бет күтіміне мән беру арқылы осы саланы зерттеп, маманына айналған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КОСМЕТОЛОГ-ЭСТЕТИСТ (@bibinur_nursheken)

"Косметика саласына келуімнің өзі қызық басталды. Декреттік демалыста отырған едім. Тойға көйлек алуға жолдасым 30 мың теңге берді. Баламен көйлек алуға уақыт таппай, шыға алмай жүрдім. Ол кезде біз жұмыс бабымен Атырауда тұратынбыз. Алматыдан енем хабарласып, белгілі бір компанияның өнімі туралы айтты. "Косметикалары жақсы екен, мүмкін алып көрерсің" деп ұсынды. Енем бетіне жақсы күтім жасайтын, өз-өзін күтетін жан. Менің де солай күтінгенімді, әдемі болып жүргенімді жақсы көретін. Бірақ бастапқы жарнасы - 30 мың теңге екен. Сол кезде қолымдағы ақшаны сонда салып, тәуекел етіп кірдім. Косметикасын алып, қолдандым. Байқағаным - бір косметиканы барлық теріге ұсына береді. Соған миым жетпеді. Мысалы, енеме де, маған да бірдей косметика ұсынады. Ол кезде мақсатым - ақша табу емес еді. Сол үшін ізденіп, компаниядан  шығып кеттім. Бұл салаға қызығушылығымды оятуға осы жайт себеп болды", - деді ол.

Кейін Кореядан косметика өнімдерін тікелей алдырта бастаған.

"Кейін білім алдым. Жолдасыма "Кореямен тікелей байланыстыратын адам жолықса ғой" деп жүрген едім. Әлеуметтік желіден Кореяда оқитын студент қызды көріп қалдым. Алғаш рет сол қыз арқылы косметикаларды алдырып бастадым. Кейін маған кәріс азаматы жазып, косметика ұсынды. Өзім ағылшынша білемін, бірден сөйлесіп кеттім. Қалай тапқанын білмеймін. Сөйтіп, тәуекел етіп, ақшасын жібердім. Ол косметикаларды жіберді. Әлі күнге дейін сол кісімен серіктес болып жұмыс істейміз. Өте адал кісі. Ары қарай сол кісі арқылы басқа серіктестерді таптық", - деді ол.

"Хит кушонның" тек жарнамасы жақсы"

Косметолог консультацияға келген әр қыз-келіншектің алдымен тері типін, мәселесін анықтайды. Медициналық тексеруге жібереді. Себебі сапалы косметиканы қолданғанымен, адам ағзасына қажетті витаминдер жетіспеуі мүмкін. Сондай-ақ, ұйқы, дұрыс тамақтану режимін сақтамаса - мәселе шешілмейді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КОСМЕТОЛОГ-ЭСТЕТИСТ (@bibinur_nursheken)

"Мәселесін тыңдаймыз,  өзіндегі  косметиканың құрамын талдаймыз. Егер олар жарамай қалса, қайтадан косметика ұсынамыз. Қазіргі таңда блогер,  танымал адамдардың жарнамалаған косметикаларын ала беретін адамдар көп. Сондықтан, қыз-келіншектерді маркетингке алданбауға шақырамын. Сондай-ақ, ұйқының дұрыс болмауы, толыққанды тамақтану - мұның бәрі беттің күйіне әсер етеді. Әйелдердің бетіндегі мәселе өзін-өзі бағалауына әсер етеді. Қандай косметика алсаңыз да егер ұйқыңыз, тамақтану дұрыс емес болса - ешқандай нәтиже болмайды", - деді ол.

Маманның айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік желіде танымал болған "жасыл кушонның" құрамы да, сапасы да көңіл көншітпейді.

"Бұл декоративті косметикаға жатады. Жалпы декоративті косметика бетке әр беру мақсатында қолданылады. Ол терінің белгілі бір мәселесін шешпейді. Егер "әжімге қарсы кушон" дегенді естісеңіз, бұл - маркетинг. Тіпті, оның құрамындағы SPF-тың өзі жарнама деп айтар едім. Өйткені, толықтай күннен қорғамайды. Негізі декоративті косметика - бетте әдемі боп тұрумен қатар, 3-4 сағатқа дейін сақталуы тиіс. Сондай-ақ, терінің түсіне сәйкес келгені жөн. Хит кушон маған ұнамады. Себебі өте сұйық, былшырап, ыңғайсыздық тудырады. Көлемі ұзаққа жетпейді. Сұйық болған соң, тез бітіп қалады. Бетке жағылған уақытта ылғалдандырғанымен аз уақыттан соң құрғайды. Сондықтан, бұл кушонды алуға кеңес бермес едім", - деді ол.

Көктемде бетімізге қалай күтім жасаймыз?

Бибінұрдың айтунша, көктемгі бет күтімі кезінде ең басты талап - SPF-ті дұрыс таңдау.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от КОСМЕТОЛОГ-ЭСТЕТИСТ (@bibinur_nursheken)

"Көктемде міндетті түрде барлық теріге SPF жағылу керек. Қазір ультрафиолетті сәулелердің күшейетін уақыты. Күн Жерге жақындаған сайын бетке пигментация шығуға, терінің ерте босаңсуына алып келеді. SPF кремнің нәтижесін біз бірден емес, 1 жылдан кейін ғана көреміз. Зиянды күн сәлесінен қорғану үшін құрамында  қорғайтын тұрақты фильтрі бар SPF таңдап алу керек", - деді ол.

Сондай-ақ, ол база дұрыс құрастырылуы керек екенін атап өтті.

"Жалпы көктемде бет күтімі үшін база дұрыс құрастырылу керек. База дегеніміз - бетті тазалау. Ең бірінші бетті таңертең көбікпен жуамыз. Оған қоятын басты талап - бет құрғамай, жұмсақ тазалану керек. Ал кешкі күтімде әуелі гидфрофильді маймен, сосын көбікпен жуамыз. Себебі күні бойғы шаң-тозаң, бояудың қалдығын және SPF-тен бетті тазартамыз. SPF түнде бетте қалмау керек. Бұл барлық тері үшін маңызды. Көктемге көбірек антиоксиданттер керек. Антиоксидант дегеніміз - витамин С, прополис ,т.б. Бұл компоненттерді өнімдердің құрамынан іздейміз. Бетке жағуға арналған құрғақ сарысу мен С витаминін алуға кеңес беремін. Крем бетті ылғалдандырып қоймай, теріміздің үстіңгі қорғаныш қабатын қалпына келтіру керек", - деді косметолог.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы