Қостанайда "балаларды атып тастайтыны" туралы хабарлама таратқан 10 жастағы оқушының ата-анасы жазаланды

Қостанайда "балаларды атып тастайтыны" туралы хабарлама таратқан 10 жастағы оқушының ата-анасы жазаланды
Фото: ng.kz

Қостанай облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында №3 мектеп-гимназиясының 4-сынып оқушысы ата-анасының біріне қатысты әкімшілік іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ng.kz-ге сілтеме жасап. 

13 ақпанда 4-сынып оқушылары кіретін "ГДЗ" ("Дайын үй тапсырмасы") топтық чатында 10 жастағы бала мектепке шабуыл жасау қаупі туралы WhatsApp хабарламасын жіберген. Онда мектеп оқушысы "балаларды күнәлары үшін өлім жазасына кесуді" ұйымдастыруға уәде берген. Полиция Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) бабы бойынша іс қозғады. 

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, уәкілетті органның 2024 жылғы 16 ақпандағы қаулысымен кәмелетке толмағанға қатысты қылмыстық іс 35-баптың 2-бөлігінің негізінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Баланың ата-анасына қатысты Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 127-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. 

"Құқықбұзушы Ж. кінәсін мойындады. Ж.-ның кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен толық расталды. Сот қаулысымен Ж-ның ата-анасы кәмелетке толмаған ұлын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 36 920 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - делінген жауапта. 

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек