"Жылда адам өледі". 46 жастағы азамат өткелден құлап мерт болған

"Жылда адам өледі". 46 жастағы азамат өткелден құлап мерт болған
Фото: Almaty.tv

Есік қаласы маңындағы Үлкен Алматы каналын кесіп өтетін өткелде қаза тапқан 46 жастағы азаматты жақындары кеше жер қойынына тапсырды. Ал осы арна маңындағы халық "тағы да адам өлмесін" деп әкімдік өкілдеріне талап қойды. Олар бұл қауіпті жерден күніне 100-150 оқушы мектепке қатынайтынын айтып, қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

Ашынған халық апат жағдайы тағы да бола ма деп қорқады. Өйткені азық-түлікке аттанған азамат осы жерден құлап кеткен.

Сол түні тұрғындар мәйітті осы жерден тауып алғанын айтады. Алайда жұлыны үзіліп, басы жарылған азамат ол кезде жантәсілім еткен. Ал қалың ел "қылкөпір" деп атап кеткен өткелде өмірін қиған тек жалғыз ол кісі емес, "жылда адам өледі" дейді.      

"Құлап барып, сырғанап анау тұрған бетонға басын жарып, үйелеп қалған. Артқа шығуға мүмкіндік жоқ. Үш қызы, бір ұлы бар. Бір үй азаматынан, асыраушысынан айырылып отыр. Нарынқолға әке-шешеміздің жанына жерлеп келдік", - деді марқұмның інісі Елжас Нүсіпов.

Есі кеткен ел "келесі кім?" деп дабыл қағып отыр. Бұған дейін талай адам суға кетіп, денесін әзер тауыпты. 

"Халық таңғы сағат 05:00-ден  24:00-ге дейін Алматыға қатынап жұмыс істейді. Менің санауым бойынша, солардың он бірін көлік қағып өлтірді. Аудан әкіміне мәселені айтық, ауылдың әкіміне бардық. Тыңдайтын құлақ жоқ. Осы көпірден өтуге мәжбүр болып отырмыз", - деді саяжай тұрғыны Ермек Құралбаев.

"Көпірмен жүрмеңдер дейді. Арғы жолдан өтпеңдер дейді. Халық  ұшып өте ме?" - дейді саяжай тұрғыны Күлия Құдайбергенова.

Округ әкімі жағдайға пікір білдірді.

"Біріншіден, бұл көпір емес, "ГидроСервис" ЖШС балансында тұрған, үстінен су өтетін құрылғы. Ал басқа мекеменің балансында тұрғандықтан, мемлекет тарапынан қаражат бөліп, көпір салып бере алмаймыз. Демеуші табылған жоқ, іздеп жатырмыз", - деді Еңбекшіқазақ ауданы Бөлек ауылдық округінің әкімі Асыл Изиев.

Азаматтар құзырлы орган өкілдерін шақырып, арыз жазды. Көп ұзамай аудандық прокуратураға да шағым түсірмек.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова