Қазақстандық дәрігер қатерлі ісіктің елемеуге болмайтын белгілерін атады

Қазақстандық дәрігер қатерлі ісіктің елемеуге болмайтын белгілерін атады
Фото: pixabay.com

Адам көбіне аурудың алғашқы белгілерін елей бермейді, бәрі өздігінен жазылып кетеді деп үміттенеді. Осы орайда Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Әлия Төрешева көптеген әйел байқамайтын не елемейтін қатерлі ісік белгілерін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

  • Омыраудың өзгеруі: әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік түрінің бірі - сүт безі қатерлі ісігі. Оның белгілері: омырау пішінінің өзгеруі, қалыңдауы немесе омыраудан бөліністің шығуы не омырау терісінің өзгеруі. Омырауда өзгеріс анықталған жағдайда дәрігерге көріну сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың негізгі шаралары саналады.
  • Етеккір циклі өзгеруі: етеккір циклінің өзгеруі, қалыптан тыс қан кету немесе аурушаңдық эндометрий не аналық без обырының белгілері болуы мүмкін. Кез келген әдеттен тыс белгіге назар аударып, дәрігермен кеңесу маңызды.
  • Салмақ тастау: Ешқандай себепсіз салмақ жоғалту әртүрлі қатерлі ісік түрінің, соның ішінде асқазанның, ұйқы безінің немесе өкпенің қатерлі ісігінің белгісі болуы мүмкін. Диета немесе жаттығусыз салмақ жоғалтқаныңызды байқасаңыз, дәрігерге көрінген жөн.
  • Шаршау және әлсіздік: Тұрақты шаршау, әлсіздік немесе жалпы әлсіздену лейкозды немесе лимфоманы қоса алғанда, қатерлі ісіктің әртүрлі белгілері болуы мүмкін. Мұны елемеуге болмайды және маманнан кеңес алыңыз.
  • Терідегі өзгерістер: Жаңа меңнің пайда болуы, бар меңнің түсі немесе мөлшерінің өзгеруі, теріде жазылмайтын жара не бөртпе тері ісігінің белгілері болуы мүмкін. Теріні үнемі тексеру және дерматологпен уақтылы байланыс мәселені ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.

"Өз денсаулығыңызды күту және денеңізді ұқыпты ұстау қатерлі ісіктің алдын алудың және ауруды ерте анықтаудың негізгі құрамдас бөлігі. Денеңізде қандай да бір өзгеріс болса, дәрігермен кеңесіп, әл-ауқатыңызды бақылаңыз. Сіздің денсаулығыңыз - сіздің ең құнды байлығыңыз және оны елемеуге болмайды", - деп ескертті дәрігер.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова