"100 мыңға досыммен бәстестік". Шетелдің хит әндерін қазақша орындайтын Мөлдір Байбуриновамен сұхбат

Мөлдір Байбуринова әлеуметтік желіде әлемдік танымал әндерді қазақша орындайды. Төрт тілде еркін сөйлейтін оның бұл идеясы көпшіліктің көңілінен шығып, алғашқы 2-3 әнінен соң бір айда жазылушылар саны көбейген. Ана тіліміздің көркемдігін көпшілікке дәріптеп жүрген Мөлдір Байбуриновамен Massaget.kz тілшісі идеяның негізгі мәні, әндерді қалай таңдайтыны туралы сұхбаттасты.

"100 мыңға досыммен бәстестік"

Мөлдірдің негізгі мамандығы - журналист. Қазіргі таңда маркетинг саласында жұмыс істейді.

"Дәл қазір маркетинг саласында жеке брендтің дамуын зерттеп жүрмін. Жарнама түсірген өзіме ұнайды. Ән айтатын болғандықтан,  жарнаманы сол арқылы беру қатты ұнайды. Университетте оқып жүргенде түрікше бір әнді аудардым. Жалпы шетелдік әндердің мағынасын білуге құмармын. Түріктерде "Hayat bairam olsa" ән бар. "Бұл не деген бақытты адам - біреуге бақыт сыйлайтын, бұл не деген бай адам - жүректерді жаулайтын" деген сарында өте мағыналы ән болатын. Сол әнді қазақша аударып айтып көрдім. Бірақ толықтай орындап шығуға батылым жетпеді", - деді ол.

Оның айтуынша, жазда досымен бәстескен соң осы контентті түсіруді қолға алған.

"4 тілде, қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Шетел әндерін қазақша орындау туралы идеяны досым ұсынды. Досым "10 әнді TikTok-қа салсаң, 40 мың жазылушыға жетеді" деді. Келіспей қойған едім, ол "айтқаным болмаса, мен саған 100 мың теңге беремін" деп бәстестік. Нәтижесінде, Instagram-нан бір айдың ішінде 70 мыңнан астам оқырман тіркелді. Бәсте "мен жеңдім" деп айта аламын. Идеяны жүзеге асыруға осылайша Даниал досым мотивация болды. Барлық видеоларымды досым тегін түсіріп берді. Алғашында шетелдіктер мұндай контентті қалай жасайтынын зерттедік. Екеуміз де маркетинг саласынан болған соң, бар логикамызды қостық", - деді Мөлдір.

"Продюсерім жоқ"

Мөлдірдің шетелдік әндерді қазақша орындаудағы негізгі мақсаты - ана тіліміздің көркем, ең бай тіл екенін өзгелерге көрсету.

"Қазіргі таңда ауызекі тілде көбірек орыс тілін араластырып,  "паразит" сөздерді қолданамыз. Қазақ тілі қарабайыр, базарда сөйлейтін, ұрсысатын арзан тіл ретіндегі түсінік қоғамда қалыптасып кеткен. Сондай стереотип бар. Қазақ тілін көп адам менсінбейді. Орысша сөйлесе өзін "үздік" санайтындар бар. Қазақ зиялыларына қатты қызығамын. Солардың қазақ тілі үшін жасаған әр әрекеті еңбек. Нағыз интеллигенция, ақсүйек деп соларды айтар едім. Ал қоғамда қазір кім орысша сөйлейді, сол ақсүйек секілді қабылданады. Негізінен ақсүйектік деген өзіңнің тамырыңды, тіліңді білуде", - деді ол.

Ол қазақша орындаған әндерге қатысты шетелдегі қазақтардан бірнеше жақсы пікірлер алған.

"Бұл контентті жариялаудағы мақсатым орындалып жатыр деп есептеймін. Орыстілді адамдардан "қазақ тілі  қандай әдемі, француз тілі сияқты екен" деген хабарламалар жиі аламын. Шетелдегі қазақтар да жазып тұрады. Бірде Кореяда дүниеге келген қазақ "туған тіліме деген махаббатымды ашқаныңызға рахмет" деп жазды. Әр адамның осындай пікіріне қатты қуанамын. Қазіргі таңда продюсерім жоқ, барлығын өзім істеймін", - деді Мөлдір.

"Аудармамды ұрлағандар болды"

Мөлдірдің алғашқы орындаған туындысы - француздардың Je veux әні.

"Былтыр қыркүйекте алғашқы әнімді аударып орындадым. Әннің философиясы, әуені маған өте жақын. "Бұл дүниеде ақша, байлық, лимузин, зәулім сарай -  бақыт әкелмейді, маған сезім, сенім, еркіндік, махаббат керек" деген мағынадағы ән болатын. Негізі бұл туынды бұрын аударылған екен. Оның аудармасы маған ұнаған жоқ. Сол үшін қайтадан аудардым. Оқырманнан өте керемет кері байланыс болды деп айта алмаймын. Бірақ әдеттегіден көп адам қараған, 5000 қаралым жинады. Менің аударған нұсқамды көшіріп, орындап жатқандар бар екен. Ол жағы маған ұнамады. Рұқсат сұрамай, өздерінікі секілді салып қойған", - деді ол.

Оның көп қаралым жинаған әндерінің бірі - "Hafanana" туындысы.

"Мейлі ақ болсаң да, қара болсаң да, Қандай өзгешелігің бар сонда" деген мағынадағы бұл ән расизмге қарсы жазылған. Яғни, "қара нәсілді адамдарды төмен санау" мәселесін көтерген туындылардың бірі. Осы ән көп қаралым жинап, оқырмандарым көбейе бастады. Мұны көріп, мұндай контентті тоқтату мен үшін күнә болды", - деді ол.

"Өнер анамнан дарыған"

Мөлдірдің бойындағы өнер анасынан дарыған.

"Анам ән айтады. Бұрын жас кезінде "Алматы аруы" атанған. Нағашы атам да, туған апам да ән айтады. 3-сыныптан бастап ән шырқаймын, түрлі шараларға, "Абай оқулары",т.б. мектепішілік, ауданаралық байқауларға қатыстым. 9-сыныпта "Ғұмыр Дария" , "Тай жарыс" секілді республикалық байқауларға барып, 1-орын иелендім. Одан кейін универитетте оқып жүріп, "Қазақ аруы", "Топжарған", "Қазақ дауысы", "Күміс көмей, жез таңдай" ән байқауларына қатыстым. Бұрын қатысқан байқауымның бәрінен Бас жүлде, І орын иеленетінмін. Оқуға түскен соң вокалға көңіл бөлінбей қалды. Сөйтіп, 2-3- орын алатынмын", - деді ол.

Ол бос уақытында билегенді жақсы көреді.

"Бос уақытымда күнде 1 сағат билеймін. Түрлі идеялар қараймын. Тілімді дамыту үшін шетел тілінде фильмдер қараймын. Бұған дейін йога, жүгірумен айналыстым. Қазіргі таңда өлеңдерді аударып жүрген соң поэзияға көңіл бөліп жүрмін. Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергеновтің шығармашылығы ұнайды. Домбыра мен гитарада ойнай аламын. Гитараны анам үйретті", - деді ол. 

"Әуені мен мағынасы ұнауы тиіс"

Мөлдір осы уақытқа дейін 20-дан астам әнді аударған.

"Әнді аудару үшін мағынасымен қатар әуені де ұнау керек. Талғамыма сенгендіктен, ұнатқан әндерімді ғана аударамын. Егер әуені ұнап, мағынасы ұнамаса, мағыналы сөз жазып аламын. Кейде аударуға уақытым болмаса, ақын достарымның көмегіне жүгінемін. Яғни, оларға мағынасын түсіндіремін, достарым ақындық қабілетін қосып, сөз жазады. Әлі жарық көрмеген 3-4 туынды бар", - деді ол.

Контентке байланысты барлық істі Мөлдір жалғыз атқарады.

"Сүйікті ісім болғандықтан маған бұл процесттің бәрі ұнайды. Оқырмандардан 97-98 пайыз жақсы пікірлер келеді. Сөзін аударамын, студияда әнін жаздырамын, видеоға түсіреміз. Мұның барлығы менде сапалы шықпаса, жарияламаймын. Сол үшін де осы уақытқа дейін ештеңе жасамай жүрген болармын. Досым "сапалы видео түсіріп беремін" деген соң ғана келістім",- деді ол.

"15-20 мың, кейде 60 мың тг жұмсалады"

Контент түсіруге орташа көлемде қанша шығын жұмсалатынын да ашып айтты.

"Әр видео түсірген сайын белгілі бір мөлшерде шығын жұмсалады. Тегін түсірген контентіміз жоқ. Кем дегенде 15-20, тіпті 60 мыңға дейін шығын кетеді. Себебі сыртқа шығып түсірсек, реквизиттер керек болады. Мысалы, 8-наурызға контент түсіргенде, әр қыз-келіншекке гүл сыйладық. Идея, ән - соның бәрі жүрегімнен шықты. Гүлдің бәрін досым екеуміз сатып алдық. Өзіме қатты ұнады", - деді ол. 

Мөлдір идеясын жүзеге асырғанымен, әлі пайдаға кенелмегенін айтты.

"Айналысып жатқан дүнием әзірге маған пайда әкелмейді. Осы уақытқа дейін тек екі жарнамаға ұсыныс түсті.  Жан-дүниемнің қуанышы үшін жасап жүргендіктен, алдағы уақытта сүйікті ісімнен айналысып, ақша тапқым келеді", - деді ол.

"Авторлық ән жазғым келеді"

Мөлдірдің жан-дүниесі лирикаға жақын, әрі ескі әндерді ұнатады.

"Музыкаға келгенде жан-дүнием ескі замандағы әндерді қалайды. Celine Dion-ның Титанитен бастап барлық әндерді тыңдаймын. Лара Фабианның стилі ұнайды. Лирика, диапозонды көрсететін әндерді жақсы көремін. Эд Ширан, Imagine Dragons, The Weeknd, Beyoncé-ты тыңдаймын. Негізі лирикалық стильге жақынмын", - деді ол.

Ол өнердегі аға-әпкелерінің біразымен араласқанымен, осы уақытқа дейін ешқандай өтініш жасамағанын айтты.

"Отандық продюсерлерден киноға түсуге ұсыныс түссе, қуана келісер едім. Мақсатым - айтары бар әнші болғым келеді. Өнердегі араласатын ағаларым көп. "Диарт" тобындағы Мереке ағамен араласып тұрамын. Кеңестерін айтып, идеяларын бөлісіп тұрады. Әнге жазылған сөздерді қадағалайды. Бір байқауда Толқын Забировамен ән айтып, танысқанбыз. Кейін араласпадық. "Музарт" тобындағы ағалармен жеке таныс болдым. Форумда бірге ән орындадық. Топтағы Сәкен аға да мені таниды. Бірақ ешқашан өтініш жасаған емеспн. Өзім адамдарды әуреге салғанды ұнатпаймын. Алдағы уақытта танымал адамдармен коллаб жасау ойымда бар. Ұсыныс түсіп жатса қарсы емеспін. Әзірге ешкімге ұсыныс айтпадым", - деді ол.

Болашақтағы жоспарымен де бөліскен ол алдағы уақытта авторлық ән жазуды қолға алғанын айтты.

"Алдағы уақытта авторлық әндер жазу жоспарымда бар. Сөзі дайын болған соң, әуенін таңдау керек. Сүйікті ісіммен айналысып, халыққа пайдалы болғым келеді. Негізінен саяхаттағанды жақсы көремін. Бір жылда бірнеше елде болғым келеді", - деді ол.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз