Тоқаев "Қазақстанда бәрі қазақ тілінде ғана сөйлеуі керек, үйренуге міндетті" екенін айтқаны рас па?

Тоқаев "Қазақстанда бәрі қазақ тілінде ғана сөйлеуі керек, үйренуге міндетті" екенін айтқаны рас па?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Әлеуметтік желіде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қазақ тілі туралы айтқан сөзіне қатысты ақпарат шықты. Онда "Қазақстанда бәрі қазақ тілінде ғана сөйлеуі керек, орыстар да оны үйренуге міндетті" екені айтылған. Бұл фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz порталына сілтеме жасап.

15 наурызда Атырауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысын өткізді. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінің толық мәтіні Ақорда сайтында жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл туралы былай деді: "Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық.

Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында.

Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек".

Демек, әлеуметтік желілерде тараған хабарламада ұсынылған ҚР Президентінің дәйексөзі жалған. Портал мәліметінше, TikTok-та шыққан ақпарат - фейк.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Шәріпхан