Ақша жымқырғаны үшін іздеуде жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аргентинада ұсталды

Ақша жымқырғаны үшін іздеуде жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аргентинада ұсталды
Фото: 24.kz

Аргентинада ҚР ІІМ Интерпол Ұлттық бюросының сұрауы бойынша Андрей Хазбулатов ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Былтыр жазда Астана қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінде ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") көзделген қылмысты жасағаны үшін оған іздеу салған едіг.

Ол 196 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденді деген күдікке ілінді.

Андрей Хазбулатов – философия ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі мәдени саясатының тұжырымдамасы мен "Кинематография туралы" заңның авторлары мен әзірлеушілерінің бірі. Түркістан қаласын дамыту құжаттамасын дайындау бойынша ЮНЕСКО-ның халықаралық сараптау тобының мүшесі. "Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты" ЖШС бас директоры, "Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру" жобасының ғылыми жетекшісі.

2009-2014 жылдар аралығында Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында білім беру саласында қызмет етті. Ұстаздықтан бастап, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды.

2014-2019 жылдары Мәдениет және спорт министрлігінде жұмыс істеді.

2019 жылдың мамыр айында Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығын басқарды. Кейін оның тағайындалғанын бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы хабарлады. Орталық киножобаларды қаржылай қолдау және кинематография саласындағы субсидияларды төлеу үшін құрылған.

Биыл ақпанда Астана соты экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлын өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан