Ұлттық құрылтай аясында қандай жұмыс істелді?

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай аясында қандай жұмыс істелгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Ұлттық құрылтай мүшелері берген ұсыныстар орындалуы ұдайы бақылауда.

"Мәселен Ұлытауда өткен бірінші отырыс қорытындысы бойынша 42 бастама жұмысқа алынса, Түркістандағы екінші отырыс нәтижесіне сәйкес 100-ден аса ұсыныс назарға алынды. Оның ішінде мемлекет басшысының қазіргі уақытта жүзеге асқан кейбір бастамаларын атап өткім келеді. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары бекітілді. Оқушылар мен жастар арасындағы электрон темекі мен вейп қолдану алдын алуға бағытталған жол картасы қабылданды. "Ауыл – ел бесігі" жобасы қарынды іске асырылып жатыр. Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жаңа аудандар құрылды. "Балалар кітапханасы" жобасы іске асты. Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Әзірет Сұлтан тарихи-мәдени қорық музейіне ұлттық мәртебе берілді. Ұлттық құрылтай аясында ұсынылған бастамалардың тиісті түрде жүзеге асуын хатшылық алдағы уақытта өз назарында ұстайды", - деді Ерлан Қарин Атырауда Президенттің қатысуымен өтіп жатқан үшінші Ұлттық құрылтайда.

Мемлекеттік хатшы Түркістанда өткен екінші отырыстан бастап, Ұлттық құрылтай жұмысы секциялар аясында жүргізілетінін еске салды.

"4 секция жұмыс отырыстары осыдан бір ай бұрын және кеше арнайы ұйымдастырылды. Кеше өткен секция жұмыстарына Ұлттық құрылтайдың 76 мүшесі қатысып, өз ойларын ортаға салды. Нәтижесінде 100-ден аса нақты ұсыныс айтылып, байыпты бастамалар көтерілді. Мұның бәрі қоғам белсенділері мен мемлектеттік органдар арасында тиімді және ашық орнағанын көрсетеді", - деді ол.

Аяз Есен 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!