"3 ауылдың халқы отыр". Астаналық тұрғындар саяжайға елді мекен мәртебесін беруді сұрайды

"3 ауылдың халқы отыр". Астаналық тұрғындар саяжайға елді мекен мәртебесін беруді сұрайды
Фото: Massaget.kz

Астана маңында Авиатор саяжайының тұрмыс-тіршілігі ақсап тұр. Бір ауылдай халқы бар саяжай ешқандай жерге қарасты емес. Халық суға да, жолға да жарымай отыр. Саяжай тұрғыны Шыңғыс Сәкенұлы тұрғындардың Президентке үндеу жолдайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Астананың Есіл ауданына қарасты Авиатор саяжайында 10 мың халық тұрады. Қазіргі таңда сол халықтың құқығы бюрократиялық жолмен тапталып келе жатыр. Халық тіркеуге тұра алмайды, не балаларын мектеп пен балабақшаға бере алмайды. Себебі, онда орын жоқ. Тіпті Шипагер атты жеке емханамызға емделе алмай жүрміз. 15 наурыз күні 300-400 адамдай жиналып, Қазақстан Президентіне Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялаймыз. 10 мың халықтың алға қойып отырған мақсат – елді мекен мәртбесін алу. Тұрғындар Есіл ауданының әкіміне барды, алайда олардан ешқандай көмек болған жоқ. Олардан қайыр болмаған соң осындай амалға барып отырмыз", - деді ол. 

 Сәкенұлы аймақта 3 ауылдың халқы отырғанын айтады. 

"Авиатор саяжай деген атын алып тастап, орнына атау берсе дейміз. Кейін өзіміз халық болып, бір ізге түсіріп аламыз. Мәселен, Алматыда 20 шақты саяжайы бар жерге елді мекен мәртебесін берген. Жалпы ҚР заңы бойынша бір ауылда 3,5 мың халқы болса ауыл статусы беріледі, ал бұл жерде тұтас 3 ауылдың халқы отыр", - деді Шыңғыс Сәкенұлы. 

 Тұрғынның айтуынша, заңды түрде де ХҚКО-ға барып әрекеттер жасалған, алайда ешқандай нәтиже жоқ.

"Саяжайымызда не су жоқ, не жөнді жол жоқ. Үйге берілетін газ жоқ, бірақ ол құбыры үйіміздің жанын өтіп жатыр. Халық енді елді мекен статусын алып алсақ, әкімдік бірдеңе қылып қимылдайтын шығар деген ойда. Әкімдерге барсақ, олардың бізге айтатын жаттанды бір сөзі бар "сендер дачаның адамысыңдар" дейді. Сонда біз не екінші сорттың адамымыз ба? Неге олар солай халықты кемсітеді?", - дейді ол. 

Ол саяжайдың ішінде құдықтар жоқ екенін айтты. Тұрғындар су алу үшін үйінен 2-3 км жол жүруге мәжбүр. 

"Жақында электр энергиясының бағасы көтерілді. Біздің "Астана жарық" деген делдалымыз бар, алайда олар саяжайдың станциясына да, бағанасына да қарамайды. Былайша айтқанда, ешқандай жұмыс істемей, ақша алып жүр", - деді Сәкенұлы. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Ордабаев