Ақмола облысында несие алмақ болған тұрғын алаяққа алданды

Ақмола облысында несие алмақ болған тұрғын алаяққа алданды
Фото: Тұрар Қазанғапов

Ақмола облысының Зеренді ауданының тұрғынына несие рәсімдеп беремін деген сылтаумен ақшасын иемденген алаяқ ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Аудандық полиция бөліміне Гранитный кентінің 29 жастағы тұрғынынан алаяқтық фактісі бойынша арыз келіп түседі. 

"Алданған әйел интернет желісінде екінші деңгейдегі банктердің бірінің сайтынан несие алу шарттары туралы ақпарат іздеп, сілтемені тапқан. Сілтеме бойынша өтіп, 4 млн теңге сомасында несие алуға жәрдемдесуге уәде берген белгісіз адаммен хат алмасуды бастаған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз адам несие рәсімдеу үшін өзі жіберген банк картасының шотын қосымша ақшалай сомамен толықтыру қажеттігін айтқан. Соның салдарынан әйел 358 мың теңгесін алаяққа аударып жіберген. Жәбірленуші алаяқтардың айла-амалдарына тап болғанын кеш түсініп, полицияға жүгінді", - делінген хабарламада.

Осы фактіге қатысты полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы