"Жеке кешірім сұраймыз" - Хабардың басқарма төрағасы дауға айналған бағдарлама туралы

Фото: видеодан кадр

Әлеуметтік желіде "Хабар" телеарнасындағы ток-шоуға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Желіде тараған кадрларда "Бірақ" бағдарламасының жүргізушісі эфирге келген қонақтан "күйеуіңіз ұруға себеп бола ма?" деп сұрайды. Одан бөлек әлеуметтік желіде эфир қонағы мен бағдарлама арасындағы келісімдер сақталмағаны, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге ескертпей, оның күйеуін де бағдарламаға қонақ ретінде шақырғаны айтады.

"Себеп бола ма ұруға? - дейді жүргізуші ханым. Өзі нәзік жанды болса да қасында отырған, көзі жасқа толы, мұрыны, қолы, омыртқасы зақымдалған, 6 баланың анасын түсінбейді. Рейтинг пен жағымпаздану үшін азаптаушысына тікелей эфирде көндіруге тырысады" - деді журналист Тимур Балымбетов.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Timur Balymbetov (@balukz)

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жайтқа ашынған пікірлер жазған.

"Мұндайды эфирге қалай жібереді?", "Осындай сауатсыз ток-шоулар мемлекеттік ақшаға түсіріледі. Салықтың қаражатына", "Мына әйел үшін жүрегім ауырып отыр", "Жабылып, бұл бағдарламаны жауып тастайық. Надан редактор мен жүргізушіні жұмыссыз қалдырайық" - дейді олар.

Мәселеге "Хабар Агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Қойшыбаев та пікір білдірді.

"Қадірлі көрермен! Біздің арнадағы жаңадан эфирге шыға бастаған "Бірақ..." әлеуметтік ток-шоуына қатысты түрлі пікір жазылып жатыр. ТВ-дағы айтылған мәселеге көңіл бөліп, пікірлерде жазып жатқан уәждеріңіз назарымыздан тыс қалып жатқан жоқ. Қалдырған пікірлердің ішінде бағдарламаның жүргізушілерін, авторларын іздеп, біраз сұрақ туындатқан екен", - деп жазды ол Facebook-те.

Қойшыбаевтың сөзінше, "Бірақ..." бағдарламасының эфирге шыққанына 2 күн ғана болған.

"Жобаның басты мақсаты - қоғамды алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелер, отбасылық құндылықтар және басқа өзекті мәселелерді көтере отырып, спикерлер, психологтар, заңгерлер мен басқа да сала мамандарымен бірлесіп, талқылау және шешу жолдарын іздеу. Бұл тақырыпты қозғап, нақ осы кейіпкерлермен бағдарлама жасау арқылы қоғамды дүрліктіріп, вирустық контентке айналдыру ниетінен аулақпыз", - деді басқарма төрағасы.

Сондай-ақ, ол эфир қонағынан жеке кешірім сұрау ниеттері барын жеткізді.

"Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. "Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", - деді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова