Бас прокуратура азаматтарға Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа араласпауды ескертті

Бас прокуратура азаматтарға Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа араласпауды ескертті
Фото: Tengrinews.kz

Бас прокуратура азаматтарға Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сотқа араласпауды ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

БАҚ-та экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне күмән келтіретін материалдар жарияланып жатыр. Бұған қатысты Бас прокуратура түсінік берді.

"Мұндай мәліметтерді тарату оның нақты іс бойынша объективті және әділ сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі жасау мақсатында сотқа әсер ету нысаны ретінде бағалануы мүмкін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 407-бабына сәйкес соттың қызметіне араласуға жол берілмейді және ондай әрекет үшін жазаланады", - деп хабарлады ведомство.

Бас прокуратура сонымен бірге көрінеу жалған мәліметтерді таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық бар екенін де ескертті.

"Осыған байланысты Бас прокуратура барлық азаматтар мен БАҚ-тарды заңдылықты сақтауға шақырады, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудан және соттың қызметiне қандай да болмасын түрде араласпауды ескертеді", - делінген хабарламада.

Еске салайық, азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты басты сот отырысы 2024 жылғы 27 наурыз сағат 10:00-ге белгіленді.

Оған дейін Қуандық Бишімбаев қамауда болады.

Сот Бишімбаевтың өтініші бойынша алқабилердің қатысуымен өтеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан