Салтанат Нүкенованың басына 12-13 рет соққы жасалған – мемлекеттік айыптаушы

Сараптама барасында марқұм Салтанат Нүкенованың басына 12-13 рет соққы жасалғаны анықталды. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан сотттың алдын ала тыңдауында прокурор Айжан Аймағанова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.


"Жүргізілген сараптама нәтижесінде адамның (Салтанат Нүкенова – ред.) дене жарақаты салдарынан қайтыс болғаны анықталды. Енді қандай абайсызда кісі өлтіру әрекеті туралы айта аламыз? Сарапшылар Салтанат Нүкенованың басына 12-13 соққы тигенін көрсетіп отыр. Қорғау тарапы видеоматериалдарды қылмыстық іс материалдарынан алып тастауды сұрап отыр. Ол жерде Бишімбаевтың Нүкенованы ұрып жатқаны анық көрсетілген. Іс бойынша 50 шақты адамнан жауап алынды, олар тікелей немесе жанама түрде Бишімбаевтың Нүкенованы мақсатты түрде ұрғанын айтты", - деді Айжан Аймағанова.

Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді.

Былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны белгілі болды. Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.

Еске салайық, кеше алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқаны хабарланды.

Бишімбаев ісі: Астанада алдын-ала сот тыңдауы басталғалы жатыр (сурет-видео)

Айыптау қорытындысы бойынша Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болғаны айтылды. Концертте олардың арасында жанжал басталған. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, ол жерде де жанжал жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтқан, бұл туралы ағасына да хабарлаған.

"Концертте болған Бишімбаев бос сылтауды пайдаланып, Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерт аяқталғанын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жаяу Бао мейрамханасына бағыт алған.

Мейрамханада алкоголь ішу барысында жанжал жалғаса берген. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын және одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Сондай-ақ, Нүкенова ағасына қонуға баратынын жазып, такси шақыруға тырысқан", - деді прокурор.

Сондай-ақ, мәліметтерге сүйенсек, Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!