Қоқыс өңдегісі келетіндерге қомақты қаржы бөлінбек

Қоқыс өңдегісі келетіндерге қомақты қаржы бөлінбек
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде қоқыс өңдегісі келетіндерге қомақты қаржы бөлінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алуды дамыту сапалы қайталама шикізат талап етеді. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияны, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет", - деді Ерлан Нысанбаев.

Мәселені ескеріп, Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекіткен. Нәтижесінде қоқыс өңдегісі келетіндерге қомақты қаржы қарастырылып отыр.

"Ол қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуатын салуға бағытталған. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері - 3 жылға шамамен 200 миллиард теңге", - деді министр.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, министрлік жанынан құрылған жобалық топ әкімдіктермен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізген.

"Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтардың ағымдағы жағдайын талдауға және проблемаларды жүйелі түрде шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне баса назар аударылды. Нәтижесінде 232,2 миллиард теңге сомаға 94 жоба іріктелді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылады", - деді ведомство басшысы.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz