Тоқаев жазушы Жұмабай Шаштайұлының жақындарына көңіл айтты

Тоқаев жазушы Жұмабай Шаштайұлының жақындарына көңіл айтты
Фото: qalamger

Мемлекет басшысы жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

"Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", - деп жазылған жеделхатта.

Еске салайық, бұған дейін 74 жасында жазушы Жұмабай Шаштайұлы қайтыс болғаны хабарланды.

Жұмабай Шаштайұлы - Алматы облысының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиаты, Жамбыл және "Алаш" атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова