"Аяғым газды басып кеткен сияқты". Алматыда жантүршігерлік автобус апатына қатысты сот отырысы басталды

Алматыда үш адамның өмірі қиылған автобус апатына қатысты сот басталды. Сұмдық жайт былтыр желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған еді. Қоғамдық көлікті тізгіндеген әйелді жолаушы азамат жұдырықтап, жүгенсіз автобус аялдамада тұрған үш адамды басып өткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.

Араға үш айға жуық уақыт салып, дүйім жұрттың жағасын ұстатқан автобус апаты бойынша сот басталды. Осы аралықта тергеу жүргізілген. Оның қорытындысына сәйкес, айыпталушы орындығында жалғыз адам отыр — 33 жастағы Дархан Ахметжанов. Тергеу абақтысынан сот залына жеткізілген ер адам камерадан бет-жүзін жасырып әуреге түспеді. Бұзақылық жасағанын бірден мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.

"- Кінәңізді мойындайсыз ба, ішінара мойындайсыз ба, толық мойындайсыз ба, жоқ мойындамайсыз ба?

- Жоқ, ішінара мойындаймын. 293-бап бойынша өзімнің бұзақылығымды мойындаймын".

Жантүршігерлік жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған еді. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмды. Тағы төртеуі түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Олардың ішінде жүргізуші әйел де бар. Бүгінгі сотта ол жәбірленуші ретінде танылып, оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Сондай-ақ жылдамдықты асырмағанын айтып отыр.

"Жылдамдық болды деп айта алмаймын, тіпті 20-ға да шықпайды-ау деймін. Менің ойымша, аяғым газды басып кеткен сияқты. Өйткені автобустың жылдам жүріп кеткенін көрдім. Мен ондай жылдамдықпен жүргізген емеспін", - деді автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева.

Дегенмен жантүршігерлік апаттан қаза болған Айдос Әлменбаевтың жары жүргізушіге қатысты өз уәжін айтты. Үш баласымен жалғыз қалған ана оның жауапқа тартылуын сұрайды.

"Неменесіне 10-мен жүрдім дейсіз? Мен де көлік айдаймын. 10 деген жылдамдық жоқ. Ең аз дегенде, 70 пе, 80 бе, сондай жылдамдықпен барып соғып отырсыз. Аман қалдым деп отырсыз, біздің күйеуіміз ше, ата-анамыз ше, аман қалмады", - деді жәбірленуші Айнұр Құсайынова.

Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаеваның артында шырылдап төрт баласы қалған. Екеуі кәмелетке толмаған.

"Бұл жерде қатысы бар адамдардың барлығы өз жазасын алса екен деймін. Менің артымда келе жатқан бес жасар інім бар, екі қарындасым бар. Барлығы әділ жазасын алса екен", - деді марқұмның ұлы Ерасыл Байдуәлиев.

Сотта аталмыш іске қатысты төрт жәбірленуші болды. Олар марқұмдардың жақындары мен тағы аяғынан жарақат алған келіншек және автобустың жүргізушісі.

Айта кетейік, бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодектің екі бірдей бабымен іс қозғалған. Күдікті cегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!