Бишімбаев ісі: Салтанат Нүкенова қайтыс болған күні қандай жағдай болды?

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау барысында айыптаушы тарап Салтанат Нүкенова қалай және қандай жағдайда өлтірілгенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айыптау қорытындысы бойынша Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болған. Онда олардың арасында жанжал басталған. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, ол жерде де жанжал жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтқан, бұл туралы ағасына да хабарлаған.

"Концертте болған Бишімбаев бос сылтауды пайдаланып, Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерт аяқталғанын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жаяу Бао мейрамханасына бағыт алған.

Мейрамханада алкоголь ішу барысында жанжал жалғаса берген. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын және одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Сондай-ақ, Нүкенова ағасына қонуға баратынын жазып, такси шақыруға тырысқан", - деді прокурор.

Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.

Айта кетейік, экс-министрге әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны хабарланды. Ол әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген күдікке ілінді.

Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды. Бұл іс бойынша бүгінгі алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқан еді. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз