"Жыл өткен сайын сұраныс артып келеді". Кәсіби маман үйді жылдам ретке келтірудің құпиясын бөлісті

Қазіргі таңда үй тазалаудан бөлек, бөлмеңізді жинауға, заттарды әдемі әрі жинақы ұстау үшін арнайы маманның көмегіне жүгінуге болады. Екі жылдан бері осы салада адамдарға көмектесіп, әрі кәсіп ашқан Гүлназ Утепбек бұл қызмет түріне жыл өткен сайын сұраныстың артқанын айтты. Massaget.kz тілшісі кәсіби маманмен жаңа мамандықтың пайдасы, ерекшелігі және қызмет бағасы туралы сұхбаттасты.

"Бұл мамандыққа басында таңғалғанмын"

Гүлназ Утепбек қарапайым отбасында дүниеге келген көпбалалы ана. 

"Ата-енем және жолдасымның қолдауымен кәсібімді осы салада аштым. Қазір үй шаруасын үйлестіру бойынша ұйымдастырушы маманмын. Яғни, адамдарға айналасын, заттарын жинақы ұстауына көмектесемін, әрі уақытын үнемдеймін. Жалпы бұл салаға басқалар секілді өз үйімнің "қоқысынан" қашып келгенмін. 2017 жылы Мари Кондо, Флай леди туралы алғаш рет естідім. Сонда "үй жинауды да үйрететін мамандар болады ма" деп таңқалғаным бар. Содан бастап осы саланы зерттеп әртүрлі лайфхақтар мен Youtube-тағы видеолармен өз үйімді реттеп жүрдім", - деді ол.

Ол осы салада ізденіп, әрі қарай білім алуға шешім қабылдаған.

"2021 жылы қыркүйек айында арнайы Прибалтика елдері бойынша ең үздік үй шаруасын реттеу бойынша ұйымдастырушы маман дайындайтын pureandsimple академиясынан онлайн курс өтіп, кәсіби маман атандым. Сол уақыттан бері тәжірбие жинап келемін. Мастер класстар мен онлайн марафондар, курстар өткіземін", - деді Гүлназ.

"Ең алғашқы тапсырысты 10 сағатта бітірдім"

Гүлназдың айтуынша, басты мақсаты - әйелдерді үй тірлігінен босату.

"Бұл саламен айналысудағы  негізгі мақсатым - әйелдерге үйлерінде жинақылық жасап, аз ғана күш пен уақыт жұмсау арқылы өз сүйікті істерімен айналысса деген ниет. Себебі әйелдер бітпейтін қым-қуыт тірлікпен  өмір сүріп жатыр. Оның бәрі - ретсіз үйдің әсері. Үйдегі артық, дұрыс орналаспаған заттар ыңғайсыздық тудырады, әрі еңсені басып шаршатады. Ал менің ұстанымым: жинақы үй-жинақы ой",- деді кәсіби маман.

Ол алғашқы кезде туыстар, достардың үйіне шығып жүрген.

"Алғашқыда тәжірбие жинау үшін таныстардың үйіне өзім сұранып барып жүрдім. Өйткені халық әлі бұл саланы түсінбейтін. Ең алғашқы ақылы тапсырысым әлеуметтік желі арқылы түсті. Ас үй мен жатын бөлмені 10 сағатта жинап, ең алғашқы табысымды таптым. Көбінесе менің қызметіме  30-45 жас арасындағы қыз-келіншектер жиі жүгінеді", - деді Гүлназ.

"Жолдасым қаржылай көмек берді"

Гүлназ кәсіп бастағанда мемлекеттен қайтарымсыз грантқа 2 рет құжат тапсырған.

"Екеуінен де комиссиядан өте алмадым. Осы қызметке клининг қызметін қоссам деген ой келген. Себебі клиенттерім клинингті де сұрай бастады. Бірақ оған қажетті құрал-жабдықтарға қаражатты мемлекеттен алуға мүмкіндік болмады. Кейінірек жолдасым қаржылай көмек беріп, осы екі кәсіптің басын қосуға жәрдемдесті. 

Оның айтуынша, клиенттері - 25-55 жас аралығындағы қыз-келіншектер.

"Ерекше есімде қалған клиентім - инфобизнестің майталманы, жас болса да өз ісінің нағыз маманы Лаура Лесбек еді. Ол жаңа үйге көшіп келгендіктен, заттарды орналастарып беру үшін шақырды. Барған кезде Қазақстанда осындай мамандардың барына таң қалғанын, тек орыс блогерлерден ғана көретінін айтты. Менің жұмысымның әр үйге өте қажет екенін, осы жұмысты тоқтатпауымды айтып, керемет шабыт берген еді", - деді ол.

"3-5 сағат уақыт кетеді"

Бір тапсырыстың уақыты үйдің, жиналатын аумақтың көлеміне қарай болады.

"Жалпы жұмыс уақыты үйдің, заттардың көлемі мен жағдайына қарай белгілі болады. Әр үйдегі уақыт әртүрлі. Орташа есеппен бір зонаға ( бөлмеге) 3-5 сағат уақыт кетеді. Дайындық онлайн сұрақ-жауаптан немесе алдын ала үйіне барудан басталады. Сол кезде клиенттің үйінің қазіргі жағдайын анықтап аламын. Яғни берілген аймаққа анализ жасаумен басталады. Клиент үйіндегі ретсіз бұрыштарын, ұнамайтын жерлерін,өзгерткісі келетін мәселесін айтады. Сол бойынша жұмыс істеп, мәселесінің шешімін беремін. Үйдегі заттарды иесіне қарай ыңғайластырамын. Былайша айтқанда, клиенттің таңдауы,қалауына қарай жұмыс істейміз", - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстанда бұл сала дамып жатыр. 

"Клинингке жалпы әйелдер үйренді, ал үйдегі белгілі бір аумақты реттеу ел арасында енді жаппай танымал бола бастады. 1-2 жылда клининг дәрежесінде сұранысқа ие болады деп сенемін. Жалпы ғалымдар есебі бойынша болашақтың 100 мамандығы арасында осы саланы да жатқызған екен. Алла қаласа, әйелдер шаштараз қызметі секілді пайдаланатын болады деп ойлаймын", - деді кәсіби маман.

"Жұмысымды жақсы көремін"

Гүлназ қазір үйді жинаумен қатар, тазалау қызметіне де тапсырыс алады.

"Қазіргі таңда комбо-қызмет түріне тапсырыс қабылдаймыз. Яғни, үйдегі реттілік+клининг қызметтері. Жұмыстың, үйдің көлеміне қарай әр тапсырысқа қыздарыммен бірге барамын. Әр кезде әртүрлі құрам болады.  Ал үйдегі реттілікке қасыма көмекші керек болса, шәкіртімді шақыртамын", - деді ол.

Кәсіби маман бұл саладағы артықшылықтар мен кемшіліктерді атап өтті.

"Әр кәсіптің өз қиындығы мен артықшылығы болады ғой. Менің кәсібімде клинингке әдепті, этикасы бар, өз істеріне адал қыздарды табу қиын болды. Яғни ойдағыдай команда құрудан қиналдым десем де болады. Ал артықшылығы - өте пайдалы сала. Кез келген үйдің ажарын кіргізетін,үй иелерінің ойына дейін тазалайтын кәсіп болғандықтан,өз жұмысымды жақсы көремін", - деді ол.

"Арнайы орталық ашқым келеді"

Гүлназдың айтуынша, бұл салада дайындаған шәкірттері де бар. 

"Бұл сала енді-енді дамып келе жатқандықтан, "оқығым келеді" дейтін қыз-келіншектер баршылық. Қазір сол қыздарды оқытсам деген ниетпен курс сабақтарын түсіріп, дайындық жүргізіп жатырмын. Алматы қаласында жұмыс жасап, табыс тауып жүрген шәкіртім де бар. Әйгерімді жеке оффлайн обьектілерге ертіп жүріп үйреттім. Қасымда жүріп,осы мамандықтың қыр-сырын меңгеріп шықты. Қазіргі таңда өз ісін жасап, жақсы табыстарға шығып, клиенттерінің ризашылығын алып жүр",- деді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, бір сағаттағы маманның құны 5000 теңгеден басталады.

"Бізде маманның құны сағатпен өлшенеді. Себебі әр үйдегі заттың көлемі де,үйдің ауқымы да, сөрелер де әртүрлі болады. Сәйкесінше әр үйдегі жұмыс уақыты өзгеріп отырады. Жалпы сағатына 5000 - 30 000 теңгеге дейін бағаланады", - деді ол.

Гүлназ алдағы уақытта үй шаруасын үйлестіру мақсатында кең ауқымды курс жасап шығарғысы келеді. 

"Курс қазақ нарығындағы, қазақ тілді толыққанды маман дайындайтын алғашқы курс болады. Әрі қарай осы саланы Қазақстанда дамыту, осы бағытта арнайы орталықтар ашуды жоспарлап жүрмін. Ойымда жүрген жоспар көп", - деді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!