"Рөлге жабысып қалыппын". Нұржан Қалжан жол апатына ұшыраған кезді еске алды

"Рөлге жабысып қалыппын". Нұржан Қалжан жол апатына ұшыраған кезді еске алды
Фото: коллаж

Танымал әнші Нұржан Қалжан 2009 жылы орын алған жол апатын еске алды. Оқиға туралы әнші Жұлдызды шаңырақ бағдарламасына берген сұхбатта айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әнші сол кезде ауруханада 2 ай жатқанын, журналист Руслан Бөлебайдың қайтыс болғанын түсінде көргенін жеткізді.

"Жол апатынан Руслан мен Бауыржан кетіп қалады деп ойлаған жоқпын. Жездем де жанымызда болған. Сол кісінің амандығын ғана тіледім. Жақсы көретін әпкемнің күйеуі әрі алты қыздың арасындағы жалғыз ұл. Ауруханада екі ай жаттым. Үш ай ауылда болдым. Екі досымның өлімі мені қатты есеңгіретті. Тіпті олардың өлімін түсім арқылы білдім. Біздің жағдайды естіп, өнердегі ағаларым көңілімді сұрап келді. Сәкен Майғазиев: "Русланға да кіріп шықтық. Бәрі жақсы екен" деді. Ал ол кезде Руслан дүниеден озып кеткен. Бір күні түс көрдім. Түсімде Русланның екі аяқ киімі екі жақта тұр. Содан білдім. Палатада әй-шайға қарамай, "Руслан өліп қалды ғой, маған неге айтпағансыңдар - деп жыладым", - дейді әнші. 

Сонымен қатар әнші жол апаты қалай орын алғанын еске алды. 

"Мен жол ережесін бұзған жоқпын. Біз отырған көлікті келіп соқты. Жол патрульдік полициясынан қашып келе жатқан жігіт екен. Есімді жинағанда рөлге жабысып қалыппын. 10-15 жігіт келіп, бізді шығарып алды. Руслан ортасында, Бауыржан шетінде отырған. Машинаның артқы есігін езіп жіберген, кейін ол айналып келіп, сау беті талға соғылған. Бауыржан мен Руслан екеуі басы бір-бірлеріне соғысты ма екен, өйткені бастан кеткен. Есімді жинап тұрып жатқан кезде "көмектесіңдер" деп айқайлап жатырмын. Сол жердегі кейбір адамдар мені танып, атымды атап жатты", – дейді Нұржан Қалжан. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Е. Ерболұлы