Қазақстанда ұялы байланыс қызметі қымбаттады

Бірінші кредиттік бюро сарапшылары шамамен кейінгі 13 жыл ішінде ұялы байланыс қызметі айтарлықтай қымбаттағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Ақпанда ұялы байланыс қызметінің бағасы қаңтарға қарағанда бірден 6,2 пайызға өсті. Бұл статистикада 2011 жылғы қаңтардан бастап қолжетімді, барлық кезеңдегі ең жоғары айлық көрсеткіш бар.

Сонымен қатар, 2023 жылғы шілде мен тамызда баға 2,8 пайызға өсті. Ұялы байланыс соңғы рет 2018 жылғы ақпанда арзан болды", - дейді сарапшылар.

Олар жыл сайынғы баға өсіміне қатысты ақпанда тағы қосымша 12,4 пайыз тіркелгенін жеткізді. Ал былтыр жазға дейін бағаның өсу қарқыны қалыпты болған.

"Сәйкесінше интернетке кіру үшін абоненттік төлем тез өспеген, ақпанда +0,2 пайыз. Бұл ретте жылдық өсім үшінші ай қатарынан баяу болып отыр", - деді сарапшылар.

Еске салайық, бұған дейін Ұялы байланыс операторлары Қазақтанда ұялы байланыс тарифтері арзандамайтынын мәлімдеді.

Былтыр жыл соңында абоненттердің бағаны көтеруге қатысты көптеген шағымынан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына қатысты тергеуді бастаған болатын. Кейін тарифтік жоспарлар мен ұялы байланыс қызметтері бағасының өзгеру динамикасына талдау жүргізілген еді.

"2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша баға 7,7 пайыздан 57,3 пайызға өскені байқалды", - делінген агенттік хабарламасында. 

Tele2/Altel

"Мобайл Телеком-Сервис" баспасөз қызметіндегілер тариф қымбаттауы жалпы факторларға негізделгенін айтады. Олардың сөзінше, қазір бағаны төмендетуге негіз жоқ.

Компания өкілдері 5G-ге көшу айтарлықтай инвестицияларды қажет ететінін айтты. Сондай-ақ, қолданыстағы жабдықты ұстауға кететін шығындар үнемі қымбаттап жатқанын жеткізді.

KCELL

Компанияның баспасөз қызметі тариф бағасы көтерілуіне әсер еткен себептерді тізіп берді. Сондай-ақ, олар Қазақстандағы ұялы байланыс саласының "тиімділігі төмен, сондықтан тарифтерді төмендетуге мүмкіндік жоқ" екенін жеткізді.

Компания өкілдері кейінгі 3 жылда Қазақстанда тұтыну трафигі айтарлықтай өскенін және бұл қомақты инвестицияны қажет ететінін айтты.

Beeline

Бұл компания өкілдері де тариф көтерілуіне әсер еткен себептерді айтқан еді. Олар бағаны тежеу ​​мүмкін емес, өйткені бұл байланыс сапасына теріс әсер ететінін мәлімдеді.

Баға өсуіне әкелген себептер қатарында электр энергиясы құнының өзгеруі, инфляция, интернетті тұтынудың өсуі бар.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!