АҚШ-та 8 жастағы қазақ қызының кітабы шықты - анасымен сұхбат

АҚШ-та 8 жастағы қазақ қызының кітабы шықты - анасымен сұхбат
Фото: спикердің жеке мұрағатынан

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында тұрып жатқан Ақмаржан Қасмағанбетованың қызы Малика Қабдылхақ 8 жаста. Ол АҚШ-та өз кітабын шығарған ең жас қазақ қызы. Анасы баласының мұндай жетістікке қалай жеткенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 - Ақмаржан, өзіңізді таныстырсаңыз? АҚШ-қа қалай және қандай мақсатта келдіңіздер? 

Мен соңғы жылдары шетелде жүрген, бірақ жүрегі әрдайым елім деп соғатын қазақтың қызымын. Маңғыстау облысының тумасымын, бірақ мектеп бітіргелі елордамыз Астанада тұрдым. Әр жылдары Жапония, Аустралия, Норвегия елдерінде білім алдым. Бүгінгі таңда екі баланың анасымын. Жолдасымның оқу бабымен қазір отбасыммен АҚШ, Солтүстік Каролина штатында тұрып жатырмыз. АҚШ-тың үздік 25 университетінің бірі болып саналатын Чапел Хиллдегі Солтүстік Каролина Университетінде оқу-әкімшілік саласында қызмет етіп жүрмін. Оған дейін де осындағы әлемге әйгілі Дьюк университетінде 3 жылдан аса қызмет атқардым. Қызметтен тыс кезде бала тәрбиесімен айналысамын, балаларыммен сапалы уақыт өткізуге тырысамын.

 - Үлкен қызыңыз Маликаның шабыты қайдан келеді? Қызыңыздың алғашқы кітабын қалай шығару қиынға соқпады ма?  

Үлкен қызым Малика ерте сауат ашты, кішкентай кезінен кітап оқуға өте әуес әрі бейім. Қызымның кітап жазуына оның кітапқа деген қызығушылығы жетеледі десем қателеспеймін. Малика кітапты өте тез әрі өте көп оқиды. Кішкентайынан қалалық кітапханаларға барып, апта сайын ондаған кітапты алып, оқуды отбасылық әдетке айналдырдық. Оған қоса мектептегі кітапханадан да өзі кітаптар алып келеді, сабаққа қатысты электрондық қосымшадан да кітаптар оқиды. Кейде бір күнде 3-4 орташа кітапты бас алмастан оқып тастайтын. Осыған дейін бүкілі мыңнан астам кітап оқыды десем артық айтқаным емес.

Қазір Малика 8 жаста, ол 4 жасынан бастап әріп танып, 5 жасында ағылшын тілінде қысқаша әңгімелер ойлап-құрастырып, шағын кітапша етіп жазатын. Әңгімелерге қатысты суреттерін де өзі қолмен салатын. Басында қағаз бетіне түсіретін, кейінірек өсе келе бірден планшетінде жазатын болды. Онысы маған жазбаларын цифрландыру жағынан әлдеқайда оңайырақ болды.

Қызым маған бұрыннан жазған кітабымды басып шығаршы деп өтінетін, “жарайды, сәті келгенде шығарып берермін” деп айтып қоятынмын. Міне сол, уәдемде тұрдым. Былтыр жазып бітірген робот достар туралы шытырман оқиғалардың бірінші топтамасын осы жуырда ғана, ақпан айының аяғында жарияладық.

Қызымның ағылшын тілінде кітап жазатын себебі оны өзіне ыңғайлы тіл санайды. Біз АҚШ-қа алғаш рет келгенде Малика 2 жарымда жаста болатын. Ол осында ағылшын тілді балабақшаға, сосын мемлекеттік мектепке барды. Ағылшыншасы судай, басым тілі сол. Жалпы отбасымызда балалармен трилингуалдық, яғни үштілділік бағытты ұстанамыз. Үйде қазақша сөйлесеміз, балаларымыздың ана тілін ұмытпаулары үшін тырысамыз. Ал орыс тілін Қазақстанға барғанда тез үйреніп алды.

 - Маликаның жазған тұңғыш кітабы не туралы? Қысқаша мазмұнын айтып берсеңіз?

Бұл алғаш жарық көріп отырған “Bob and Rob – the BEST Robot Friends” деген кітабында Боб және Роб деген екі робот дос баланың достығы, адалдығы, солардың бастан кешкен оқиғалары бала көзімен сипатталады. Яғни, бала-автордың сөзімен жазылған балаларға арналған кітап. Осы серияның бірінші топтамасына алты шығармасы енді. Қазіргі таңда әлемдік Амазон платформасында электрондық кітап форматында сатылымда. Амазон Киндл (Amazon Kindle) ридеріне жуктеуге болады немесе Киндлсіз интернет браузерден тікелей оқуға болады. Осы платформаға жүктеу себебім кез-келген автор өз туындыларын ешқандай баспахананың көмегінсіз, ақысыз, тікелей сайтқа жариялай алады. Яғни, орысша айтқанда самиздат. Әрине, туындыны сол платформаның талабына сәйкес етіп форматтап, қажетті ақпаратты толтыру, келісім-шарттарын, салық құжаттамасын реттеу сияқты машақаты аз емес. Өйткені, кітап жазу – бір бөлек те, оны өңдеу, жариялау, жарнамалау – бір бөлек екен.

Сол бір аптанің ішінде Маликаның роботтар жайлы кітабы сатылым бойынша рейтингте балаларға арналған ғылыми-шытырман оқиғалар категориясында бірінші орынға көтерілді. Ол рейтинг күн сайын өзгеріп отырады. Миллиондаған кітаптар қоры бар "Амазонда" бірінші болу жас автордың алғашқы кітабы үшін бұл өте керемет көрсеткіш.

Жалпы әлемдік электрондық кітап сатылымы нарығының 72 пайыз иемденетін "Амазонда" кітабы жарияланған қазақстандық алғашқы бала-автор Малика болып отыр. Өкінішке қарай, "Амазонның" электрондық кітаптары әзірге Қазақстан аумағында сатылмайды және ашылмайды екен – оны біз кейіннен білдік. Тіпті  Apple Books қосымшасында да электрондық кітаптарды Қазақстан аймағына сатылымға шығару мүмкіндігі жоқ екен. Сондықтан Қазақстанда ашылатын басқа да электрондық платформаларда таратуды қарастырудамыз. 

  - Кітап роботтар жайлы екенін білем, бірақ қазақша түсінік, әдеп-ғұрып деген дүниелерді қостыңыз ба?

Қазақша әдеп-ғұрып туралы ақпаратты Наурыз мерекесіне арналған су жаңа кітабына қосты. Кітаптың атауы “Amina’s Nauryz”, яғни қазақша аударғанда “Әминаның Наурызы”. Кітап қазақша сөздерді қолданып, ағылшын тілінде жазылған. Наурызға қатысты ұғымдар, ұлттық тағамдар, ойындар, және тұсау кесу сияқты қазақы дәстүр қамтылған. Әдемі ұлттық стильдегі иллюстрациялармен көрнектелген. Оның барлығын жасаған автордың өзі – кішкентай Малика. Кітаптың негізгі мақсаты – шетелдіктерге Наурыз мейрамы туралы ақпаратты жеңіл, баланың тілімен таныстыру, қазақтың ұлттық болмысын дәріптеу, қазақ тілін үйренуге шақыру. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйреніп бастаған қазақтілді қауымға да пайдалы дүние болады деп есептеймін.

 - Келешекте қандай жоспарыңыз бар?

Роботтар жайлы серияның екінші топтамасын шығару жоспарымызда бар. Маликаның соған қатысты жаңа үш шығармасы қазірдің өзінде иллюстрацияларымен дайын екен. Соны толықтырып, сосын екі топтаманы бірге қосып, осы жылы роботтар сериясының баспа түрін шығарамыз деген ойымыз бар. Жарияланған кітаптарын басқа әр түрлі платформаларға, кітап дүкендеріне таратуды мақсат етеміз. Ал, Наурыз туралы кітабын Американың жергілікті қалалық және мектеп кітапханаларынан көрсек, өте тамаша болар еді. Сонда Қазақстанның мәдениетін шетелде насихаттаудағы үлесіміздің нәтижесі деп білер едік. Себебі, ондай кітап, әдебиет осында мүлдем жоқтың қасы. Ирандық Ноуруз туралы кітаптар бар да, Орта Азияның Наурызы туралы кітапты тіпті кездестірмедік.

 Келешекте қызымның басқа да тақырыптарда қалам тартуына күмәнім жоқ. Жас автор өсе келе көзқарасы да өзгереді, жаңа мәселелер толғандыратын болады. Мәселен, жақында ол аниме, манга жанрында жасөспірімдерге арналған туынды жасағысы келетінін айтқан еді. Ата-ана ретіндегі мақсатымыз - Маликаның балғын қаламының ұштала беруін, оның шығармашылық қабілетін ашуға қолымыздан келгенше көмектесу. Сәтін салса, оқырмандарды жаңа туындыларымен қуантпақпыз. Сұрақтарыңызға рақмет!

  - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Ордабаев