Гүлшара Әбдіқалықованы "ханның қызы" деген тұрғын не үшін ұсталғаны белгілі болды

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында тұратын, желіде танымал белсенді Сандуғаш Тұрлыбекованың ұсталуына қатысты полиция мәлімет таратты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Egemen.kz.

Белсенділігімен қатар, көпбалалы ана ретінде де белгілі әйелдің ұсталуы желі қолданушыларының түсініспеушілігін тудырған болатын. Осыған орай Қызылорда облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын, қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатқанын мәлім етті.

"28 ақпан және 6 наурыз күндері Қызылорда облысының полиция департаментіне облыстың екі тұрғыны жүгінді. Олар осы азаматшаны қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде арызданған. Тұрлыбекова бопсалау арқылы және ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, жәбірленушілерден ірі көлемде ақша талап еткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тұрлыбекова ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр. Бұдан бөлек тағы бірнеше бопсалау фактілері анықталды.

Процеске қатысушылардың жауабын бұрмалауға ықпал етіп, тергеудің жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіруі мүмкін. Осыған байланысты тергеу соты оны күзетпен ұстау шарасын санкциялады. Ұстау заң шеңберінде жүргізілді. Арнайы құралдар мен жауынгерлік әдістер қолданылған жоқ. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді", — деп жазды Жаңақорған аудандық полиция бөлімінен.

Бұған дейін Гүлшара Әбдіқалықованы "ханның қызы" деген тұрғын ұсталғаны белгілі болды. Айта кетейік, соңғы деректер бойынша, Гүлшара Әбдіқалықова 2022 жылдың 6 маусымынан бастап "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі бизнес-серіктесі қызметіне кіріскен. 

Еске салайық, осыдан шамамен 4 жыл бұрын Қызылорда облысының әкімі болған Гүлшара Әбдіхалықова Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барған болатын. Сол кезде полицейлер әкім келеді деп жолды жауып, басқа көліктерді жүргізбей қойған. Бұл жағдайға ашуланған қызылордалық тұрғын аудан аралап жүрген өңір басшысына барып "Жолды жабатын ханның қызысыз ба?" деп шүйліккен. Бұл жағдай әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз