"Неге осындай болып тудым" деген реніш болды". Мүмкіндігі шектеулі қыз жүрек толғандыратын тағдыры туралы

"Неге осындай болып тудым" деген реніш болды". Мүмкіндігі шектеулі қыз жүрек толғандыратын тағдыры туралы
Фото: Болат Айтмолда/Massaget.kz

Кейде батыр болу үшін қаһарман киімін киіп, әлемді құтқару міндетті емес. Қолыңнан келгенді аямай, адамға, әсіресе балаларға, көмектескенің жетіп артылады. Сондай батыл адамдардың бірі - Армангүл Болатжан. Ол бұдан 28 жыл бұрын Нарынқол ауылында дүниеге келген. 7 жасында анасыз қалған кейіпкерге мүгедек деген диагноз қойылған, араға 4 жыл салып Армангүл Болатжан әкесінен де айырылып қалды. Алайда ол өмірдегі қиындықтарға мойымай, ерекше балаларға, мүгедектігі бар жандарға тегін көмек беретін қоғамдық бірлестігін құрды. Massaget.kz тілшісі бұл туралы қайсар қызбен сұхбаттасты. 

"Балалар үйіне алып кетсе, не боларын кім білсін?!"

Армангүл Болатжанның өмірі қандай қиындыққа толы болса да, бұл өмірде мойымау, басын тік ұстауға бауырлары көмектескен. 

"Әкем менің мүмкіндігі шектеулі бала екенімді 7 жасымда білді. Ол 40 жасында 5 қызбен жесір қалды. Оған көп есік жабылды. Әр отбасында ерекше балалар дүниеге келе бермейді ғой, сол үшін әкеме қолдау көрсеткен жан аз болды. Әкем өзінің ерте кететінін сезгендей еді. Мені психологиялық тұрғыда дайындай бастады. "Мен кетіп қаламын" деп құлағыма құя берді. Бауырларымның арқасында, өз күшіммен оқуға түстім, балалар үйіне алып кетсе, не боларын кім білсін?!" - деді ол. 

"Кешіріңіз, біздің кабинеттер мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделмеген" деген жауапты көп естідім"

Кейіпкер Алматыда мектеп-интернатында білім алған. Үйдің кенжесі Армангүл оқуды аяқтаған соң қайда барарын, қандай іспен айналысарын білмеген. 

"Мектеп-интернатты аяқтаған соң қайда барарымды білмедім. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оқыту орындары аз. Кейінгі 2 жылда ғана инклюзив бағдарламалар дамып келе жатыр. Ал біздің кезімізде, яғни 2014 жылдары, дамымаған еді. Маған оқуға түсуге де қиын болды. Мен қажет балл жинап, оқуға түсейін деп жатқанда "кешіріңіз, біздің кабинеттер мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделмеген" деген жауапты көп естідім", - деп есіне алды Армангүл.  

"Түрлі орталықтарда дискриминацияға ұшырадым"

Кейіпкер өз күш-жігерімен Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетке бухгалтер мамандығына түскен. Оның айтуынша, университет ғимараты ескі болған соң оқу емес, оқу орнына кіру қиын болған. Оқуын аяқтаған соң мамандық бойынша емес, түрлі қоғамдық қорларда жұмыс істеген. Сол кезде ол оның өмірдегі мақсаты айқындалған. 

"Мамандық бойынша жұмыс істеген жоқпын. Мүмкіндігім шектеулі болған соң диплом маған "жай" керек болды. Кішкентай кезімнен біреуге көмектесуім керегін, артымнан ергендерге демеу болуым керегін сезетінмін. Бала кезімде көп қиындық көрдім. Түрлі орталықтарда дискриминацияға ұшырадым. Кей жерде диагнозым келмей қабылдамады, кей жерде бала жастан қаралғандарды қабылдап, мені қабылдамай қоятын", - дейді ол.

2020 жылы кейіпкер адамдарға көмектесу идеясын кәсіпке айналдырған. Сол жылы Армангүл Болатжан "Мұзбалақ" атты орталығын ашты. Кейіпкердің айтуынша, бұл - тұтастай тегін орталық, адамдардан ешқандай қаражат алынбайды да, жиналмайды да, алайда орталықтың демеушісі бар. 

Ол бұл орталыққа мамандар қалай алынатынын, ерекше балаларға қандай күтім керегін айтты.

"Ерекше балалармен жұмыс кезінде айрықша көңіл, ынта керек. Сондықтан мен мамандарға қатаң қараймын. Балалармен жұмыс істей алатын, әр баламен дұрыс сөйлесе алатын, түсінетін, әр баланы өз баласындай жақсы көріп, жақын тартатын, махаббатын бере алатын мамандарды ғана аламын. Ерекше балалар өте сезімтал болып келеді. Олар бәрін көреді, сезеді. Сондықтан біз балаларға ыңғайлы орта жасауға тырысамыз. Бұдан басқа, ай сайын 20 отбасыға орталық атынан азық-түлік себеті таратылады", - деді Армангүл Болатжан.

Кейіпкер орталыққа неге мұндай атау бергенін де түсіндірді. 

"Қазақта мұзбалақ деген құс бар. Ол - мықты құс, тауда да, қырда да, мұзда да ауа райын талғамай, өмір сүре беретін, өлмейтін құс. Сондықтан бізге келген балалардың қанаты қатайып, өмірде өз орнын тапқанын қалаймын. Орталықтың атауына қатысты түрлі нұсқалар болды. Алдымен "Үркер" деп қойғымыз келді. Ата-бабамыз жұлдызға қарап жол тапқан ғой, бірақ кейін осы атауға тоқталдық", - деді кейіпкер. 

"Орталықты ашуға 9 ай кетті"

Армангүл Болатжанның айтуынша, орталықты ашу процесі ұзаққа созылып кеткен. Оған түрлі қиындық себеп болған. 

"Орталықты ашуға 9 ай кетті. Құжаттар жағынан заңгерлермен кеңесу арқылы әрең аштық. Бірақ сол тырысқанымыздың арқасында балалар тегін келеді. Қазір массаждың құны шарықтап тұр. Ал кей отбасында бір емес, бірнеше ерекше бала бар. Оларды асырау оңай емес. Бұл - менің басымнан өткен жағдай", - дейді ол.  

Кейіпкер мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін заттардың сапасы қандай екенін айтты. 

"Бізге мемлекеттен берілетін қоларба мен аяқкиімдер сапасы әлі күнге дейін нашар. Қазір арбаны беру мерзімін азайту жөнінде заңды талқылап жатырмыз. Яғни, оны 5 жыл сайын емес, 3 жыл айын ауыстырып тұруға сөйлесіп жатырмыз. Өйткені 5 жыл ішінде арба көп сынады. Ортопедиялық аяқкиімді мүлде кие алмаймын. Бұдан басқа, мен 24 жастан бастап мүгедектікке байланысты өмір бойына тағайындалатын жәрдемақы ала бастадым. Алайда мүгедектік екенімді 2 жыл сайын дәлелдеп отыруым керек, дәрігерлерге барып, анализ тапсыруым керек. Оның бәріне уақыт пен шыдам керек. "Мен бәрібір жазылмаймын ғой, маған тексеріліп керегі не?" деймін. Инклюзив бағдарламалар да шықты, бірақ олар да әлі мектептерде қолжетімсіз. Көп ата-ана балаларының болашағына ойлап, олардың орта мектепте оқығанын қалайды. Ол үшін әр мектепте психолог, логопед мамандары болуы керек. Жалпы мүмкіндігі шектеулі балалар қалыпты жағдайға бейімделуі керек", - деді ол. 

Армангүл Болатжан туралы тағы бір дерек - ол биші. Кейіпкер 2015 жылдан 2020 жылға дейін қоларба биіне қатысқан. Алайда кейін зейінін толық орталыққа бұрған. 

Кейіпкердің жеке архивінен

"Сынуға уақыт та, қақым да жоқ"

"Мұзбалақ" орталығына кіргенде кейіпкердің де, орталықтың да нұр шашып тұрғанын байқамау мүмкін емес. Ол өмірдегі ауыр сәттерді қалай бастан кешіретінін, үнемі жақсы көңіл-күйде жүру үшін не істеу керегін айтты. 

"Ата-анам неге мені тастап кетті, неге мен осындай болып тудым" деген реніштер болды. Алайда уақыт өте келе, ес тоқтақалы әр адам бұл өмірге қандай да бір жоспарды жүзеге асыру үшін келетінін түсіндім. Сол үшін менде сынуға уақыт та, қақым да жоқ. Әрине, менің де сынатын, ауратын кезім болады. Бірақ мен сынып қалсам, маған үміт артқан балаларға не болмақ?!" - деді Армангүл. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек