Алматыда әйелдерге қатысты митинг басталды

Алматы әйелдерге қатысты митинг басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ал кеше Алматы әкімдігі қалада "Әйелдердің лайықты өмірі үшін!" деген атаумен митинг өткізуге рұқсат бергені белгілі болды.

Бұл жағдайға Алматы қоғамдық даму басқармасы өкілдері пікір білдірді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 19 ақпанда Алматы қаласының әкімдігіне Б.К. Шералиева есімді азаматтан 7 наурызда сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін Махатма Ганди атындағы саябақта "Әйелдің лайықты өмірі үшін" тақырыбында митинг өткізу туралы өтініш түскен. 

"Хабарлама "Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң талаптарына сәйкес келеді. Заңға сәйкес Алматы қаласы әкімдігінің 21 ақпандағы № 1/101 қаулысымен Махатма Ганди атындағы саябақта 7 наурызда сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін митинг өткізу келісілді", - деп жазылған ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Бибінұр Шералиева есімді белсенді әлеуметтік желіде митинг өткізілетінін хабарлаған еді. Ол әкімдік митингке рұқсат еткенін мәлімдеді.

"Сіздерді 7 наурыз күні сағат 12:00-де М.Ганди саябағында өтетін іс-шараға қатысуға шақырамын. Митинг барысында қоғамдағы әйелдердің өзекті мәселелері көтеріледі. Сонымен қатар, әйелдердің лайықты өмірі үшін қажетті талаптар айтылады", - деп жазды ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!