8 наурыз туралы 8 қызықты дерек

Бүгін – 8 Наурыз халықаралық әйелдер күні. Бұл күн әуелі тарихта әйелдердің құқығы үшін күрестен пайда болған еді. Massaget.kz бүгінгі мерекеге байланысты бірқатар деректерді ұсынады.

1. Халықаралық әйелдер күні – 8 наурызда тарихта әйелдердің теңқұқықтық күресіндегі ынтымақтастық күні ретінде пайда болды. Бұдан 3 ғасыр бұрын, нақтырақ айтсақ, 1857 жылғы 8 наурызда Нью-Йоркте тігін және аяқкиім фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылық шеруіне шықты. Олардың негізгі талабы: 10 сағаттық жұмыс күні, жарық әрі таза жұмыс орны, еңбек ақысының ер адамдар жалақысымен бірдей болуы. Бұған дейін олар 16 сағаттан жұмыс істеп, өте аз жалақы алуға мәжбүр болды. Бұл уақытта Америкада дәл сол күні құрамында тек әйелдер бар одақ құрылады. 

2. 1975 жыл – Халықаралық әйелдер жылы боп аталғаннан кейін, сол жылдан бастап БҰҰ ресми түрде наурыздың 8-ші күнін Халықаралық әйелдер күні етіп бекітті.

3. Әйелдер мерекесі Ежелгі Римде де болған. Алайда ол басқа күні тойланған. Бұл мерекеде ерлер өз әйелдеріне сыйлықтар берген, ал құлдарына сол күні демалыс берілетін болған. 

4. Қазір 8 наурыз мерекесінің басты символы - қызғалдақ. Алайда кеңес заманында мереке қарсаңында ашықхаттар мен плакаттарға мимозаның суреті салынатын болған. Ал мимоза гүлшоғы - ең керемет сыйлық саналған.

5. Мереке халықаралық деп аталғанымен, бұл күнді барлық ел тойламайды. 8 наурыз ресми түрде 40-қа жуық елде аталып өтеді.

6. Сирияда 8 наурыз - Төңкеріс күні, Замбияда - жастар күні, Малайзияда - Сұлтан күні, Либерияда - құрбан болғандарды еске алу күні.

7. Халықаралық әйелдер күні ғана емес, Халықаралық ерлер күні де бар. Ол 19 қарашада 80-нан аса елде аталып өтіледі. Бұл мерекеде ерлер саулығы мен олардың отбасыдағы рөліне зейін қойылады. Біздің елде ерлерді 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні құттықтайды.

8. Біздің елде 8 наурыз ауқымды тойланады және бұл күні барлық адамға ресми демалыс беріледі. Алайда басқа елдерде әйелдер күні әртүрлі өтеді. Мысалы, Германияда бұл мереке шығыс бөлігінде көп мән беріледі. Ал жалпы бұл елде Ана күні маңыздырақ саналады. Италияда 8 наурызды әйелдер өздеріне арнайды: бірге жиналып, кафеге барады. Ал Қытай мен Вьетнамда бұл мемлекеттік мереке, бірақ бұл кні гүл сыйламайды. Лаосада бұл күні тек әйелдер демалады, ал ерлер жұмыс істей береді.

8 наурыз халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға табыс тілейміз! Әйел деген – жанұя. Жанұяларыңыз шаттыққа, қуаныш пен бақытқа толсын! Ел іргесі тыныш, жұртымыз аман болсын!