"Күйеуімнің де жүйкесіне тие бастады". Танымал актриса босанғаннан кейін екі ай бойы дұрыс жүре алмай қалғанын айтты

"Күйеуімнің де жүйкесіне тие бастады". Танымал актриса босанғаннан кейін екі ай бойы дұрыс жүре алмай қалғанын айтты
Фото: "Мамский әңгіме"

Танымал актриса Мадина Оспан "Мамский әңгіме" Youtube-арнасына берген сұхбатында босанғаннан кейін қатты ауырып, 2 ай жүру қиынға соққанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің сөзінше, ол өте ұзақ уақыт босанған, өзінің күші жетпегендіктен, эпидуралдық анестезия қабылдаған.

"Ай-күнім жақындағанда бір күні таңертең қатты ауырып тұрдым. Алғашында дұрыс емес жаттым ба деп ойладым, сомен тексерілуге перхентханаға бардық. Барсақ, акушер маған толғағымның басталғанын айтты. толғағым таңғы 06:00-да басталды, бірақ босануға дайын болмадым. Уақыт өте берді, толғағым күшейе түсті. Кеш болды, түн болды, бір кезде уақытқа қарасам, сағат түнгі 03:00 екен. Ауырғаным соншалық, уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамапппын. Сөйтіп акушер келіп, эпидуралдық анестезия салуды ұсынып, "қазір күшің қалмай, өзің туа алмайсың" деді. Күйеуім жанымда болғандықтан, ол бірден келісті. Мен оны тамырға салады деп ойладым, сөйтсем арқаға салады екен. Арқама инені шаншығанын сездім, кейін қабырғаларымның арасынан ауырсынуды басатын дәрілерді жібере бастады. Эпидуралдық анестезия қабылдағаннан кейін көп ұзамай, босануға дайын болып, таңғы 08:30 босандым. Бірақ, қиын босандым. Өйткені эпидуралдық анестезияны салғаннан кейін белден төмен сезбей қалдым, акушердің маған айтқандарын естіп, түсінгеніммен, оны істеу қолымнан келмеді, өз денемді басқара алмадым. Сондықтан дәрігерлер тіпті ішімнен басып, мені барынша тезірек босандырып алуға тырысқан. Қабырғаларым сынып кетеді деп ойладым, қатты айғайладым. Жолдасым есіктің сыртында келесі кабинетте тұрып, бәрін естіп тұрыпты, маған "ары қарай шыдай алмай кеттім" деп айтты. Ал мен оны естімеймін, өйткені мен қатты ауырдым", - деді ол.

Актриса эпидуралдық анестезия қабылдағаннан кейін қатты ауырып, ауруы тіпті жолдасы екеуінің қарым-қатынасына әсер еткенін жеткізді. 

"Эпидуралдық анестезиядан кейін мен 2 күн аяғымды басып жүре алмай қалдым, маған тым көп мөлшерде салып қойған секілді. Кейін 1 ай өткеннен кейін қайта 2 ай жүре алмай, төсек тартып жатып қалдым, қозғала алмадым. Оның үстіне, өзім келін болғандықтан, ауырдым деп жатып ала алмайтын едім. Кішкене артық қимыл жасап қойсам, белім ауыратын. Менің ауырғаным күйеуімнің де жүйкесіне тие бастады. Бірақ, балам қырқынан шыққанша күйеуім жанымнан кетпей, күні-түні көмектесті. Баламды қырқынан шығарғаннан кейін күйеуіме түсіндіріп, төркініме кеттім. Төркінімде 1 ай бойы емделіп, қайта қайттым. Алайда белімнің ауыратынын әлі де сеземін", - дейді актриса. 

Айта кетейік, бұған дейін "Қызғанатын, түсінбейтін". Мәдина Оспан күйеуінің өнерге деген көзқарасы туралы айтқаны хабарланған болатын. 

Тағы да оқи отырыңыздар: Тәуекел хан сыртқы белсенді саясаты арқылы қандай жетістіктерге қол жеткізді?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә