"Тісі түсіп жатыр". Депутат көпбалалы аналарға тегін көмек көрсетуді ұсынды

Бүгінде елімізде шамамен 550 мың көпбалалы ана бар. Олардың ортақ проблемасы - тістің түсуі. Сондықтан Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аналардың тісін бір рет тегін емдеуді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданды.

Оның айтуынша, экономиканы дамытатын басты қайнар көз – адам. Сол адамды дүниеге әкелетін – әйелдер. Сондықтан мемлекет оларға қамқорлық жасауға міндетті.

"Елімізде әйел босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? Бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері 1-3 балаға 140 мың теңге, төрт және одан көп балаға 232 мың теңге қарастырылған. Шындықты айтсақ, бұл әйелге емес, баланың күтіміне берілетін сома", - деді Ерлан Саиров.

Ол Ресейде бала күтіміне берілетін соман бұдан айтарлықтай жоғары екенін атап өтті. Мысалы, онда ана капиталының сомасы бірінші балаға 639 мың рубль (3 млн 195 мың теңге), екінші балаға 883 мың рубль (7 млн теңге) қарастырылған. Сондықтан Қазақстанға да әділетті ана капиталын жасақтайтын уақыт жеткен.

"Елімізде ұзақ мерзімді демографияны дамыту стратегиясының басты аспектісі – лайықты ана капиталын қалыптасыру. Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальциді көп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны медициналық факт. 543 мың көпбалалы әйелдің барлығының басында бар өзекті проблема – тістің түсуі", - деді депутат.

Осыған байланысты Ерлан Саиров көпбалалы аналардың тісін бір рет тегін емдеп беруді ұсынды.

"Қазақстандағы стомотология бағасының күйіп тұрғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы аналарға тісін емдеу үшін бір реттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын сақтау үшін мемлекеттік стандарттар керек", - деді ол.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!