Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовке бірқатар тапсырма берді

Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовке бірқатар тапсырма берді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ержан Сәденов елімізде "Заң және тәртіп" қағидатын орнықтыру, кез келген құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілік жағдайын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Ведомство басшысы өз қызметі барысында Мемлекет басшысының Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында берген тапсырмаларына сәйкес құқықбұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру мәселелеріне баса мән беріп отырғанын баяндады:

  • соның нәтижесінде жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеген;
  • ұрлық, тонау, қарақшылық, сондай-ақ, отбасындағы-тұрмыстағы және көшеде жасалған қылмыстар, кәмелетке толмаған және бұрын сотталған азаматтар істеген қылмыстар айтарлықтай азайған;
  • құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірыңғай заң әзірлеу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөнінде арнайы бөлімше құру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді;
  • ұйымдасқан қылмысқа, есірткі қылмысына, экстремизмге қарсы іс-қимыл жұмыстарының нәтижесін таныстырды. Киберқылмысқа қарсы күрес жүргізетін дербес қызмет құрылатынын жеткізді;
  • орта буынға жататын басшылық құрамды кезектен тыс аттестаттациядан өткізуге дайындық барысы жайында айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек