"Қызғаныштан жұмыртқасын сындырып тастайтын құстар да бар" - хайуанаттар бағында жұмыс істейтін әйел

Түрлі салада қиындығына қарамастан еңбек етіп жүрген нәзік жанды арулар бар. Солардың бірі - Назгүл Елдеева. Ол бірнеше жылдан бері Алматы хайуанаттар бағында жұмыс істейді. Massaget.kz тілшісі Назгүл Ерасылқызымен сұхбаттасып, бұл жұмыстың ерекшелігі, қиындығы қандай екенін сұрады.

"Жұмысты жыртқыш құстарға күтім жасаудан бастадым"

Назгүл Елдеева 47 жаста. Ол Алматы облысы Кербұлақ ауданы Жоламан ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне оқуға түсіп, баубақша және жүзім шаруашылығы мамандығын игеріп шыққан.

Назгүл Елдеева Алматы хайуанаттар бағына 2001 жылы жұмысқа орналасқан. Алғашында жыртқыш құстарға күтім жасайтын маман ретінде жұмыс істей бастаған. 

"Содан бастап құстарға деген ерекше махаббатым ашылды. 2002 жылы жыртқыш құстар бойынша зоотехник лауазымына ауыстым. Ал 2008 жылы инкубация бойынша аға маман қызметіне көштім. Сол жылы қарашадан бастап қазірге дейін жыртқыш құстар бөлімінде басшымын", - дейді ол.

Ол зоопаркте жұмыс істеген 23 жылға жуық уақыт ішінде Қызыл кітапқа енген бүркіт, құмай, лашын, қоқиқаз секілді құстардың көбеюіне үлес қосқан.

Осылайша, 300-ге жуық балапан дүниеге келген.

"Жыртқыш болған соң жыртқыштығын көрсетіп жатады"

Назгүл Елдееваның сөзінше, бұл жұмыстың да қиындығы көп. Өйткені жыртқыш құстарды адамға қанша үйреткенімен, қауіпті сәттер болады екен.

"Әр жұмыстың өз ауыртпашылығы, қиындығы болады. Жыртқыш құстармен жұмыс істеу техника жағынан қауіпсіз, дегенмен жыртқыш құс болған соң оларды қанша қолға үйреткенмен, өз жыртқыштығын көрсетіп жатады", - дейді ол.

"Әсіресе, көбею кезеңінде құстың торына тамақ салған уақыттарда, гигиеналық жағынан тазартқан сәттерде кіруге жалғыз адамның шамасы келмейді. Сондай жағдайда екі жұмысшы торға кіреді. Бірі тамақтандырса, екіншісі арнайы құралмен қорғайды немесе арнайы киіммен жүреді. Қазақта "қасқырды қанша бақса да тауға қарай ұлиды" деген мақал да бар ғой. Сол секілді", - деп әңгімеледі зообақ қызметкері.

"Қызғаныштан жұмыртқасын сындырып тастайтын құстар да бар"

Назгүл Елдеева тіпті кейбір құстар қызғаныштан балапанын жарып тастайтынын да айтты. Мұндай кезде зообақ қызметкерлерінің еңбектері орасан.

"Жұмыс барысында әртүрлі оқыс жағдайлар болып жатады. Әсіресе, құстар жұмыртқалайтын кезінде зообаққа келушілер, қонақтар ұяда жатқан құстарды мазалап, тас лақтырады. Сондай уақыттарда құстар жұмыртқа баспай тұрып кетеді немесе қызғаныштан жұмыртқаларын сындырып тастайды. Мұндай жағдайда біз жұмыртқаларды аман алып қалу үшін инкубаторға салып, жасанды жолмен көбейтеміз", - деді ол.

Зообақ қызметкері кейбір құстар шетелден әкелінетінін айтады.

"Тағы бір қызық жағдай болған. 1997 жылы Чехиядан 2 бас ақбас субүркіт әкелінді. Жыныстары аталық және аналық болды. Олар уақыт өте жұмыртқа баспады. Қисынсыз жағдай болған соң біз олардың жынысын анық белгілеу мақсатында қауырсындарын зертханаға тексеріске жібердік. 2 құс та аталық болып шықты. Кейін бір аталықты Франциядан аналыққа айырбас жасап алдырдық. Қазіргі таңда бұл құстар өз балапандарын өсіріп көбейіп жатыр. Осындай да жағдайлар болып тұрады", - деп түйіндеді жыртқыш құстар бөлімінде басшы қызметін атқаратын Назгүл Елдеева.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекеттік қызметтегі әйелдер туралы айтқан еді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!