8 наурыз тарихы. Еркіндік үшін күрескен қазақ әйелдері кімдер?

8 наурыз тарихы. Еркіндік үшін күрескен қазақ әйелдері кімдер?
Фото: Коллаж Massaget.kz

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн қазақтар есінде тек Клара Цеткинмен емес, сонымен қатар, еркіндік, білім алу мүмкіндігі мен олардың құқығы үшін күрескен әйелдермен де қалуы керек. Massaget.kz тілшісі қазақ әйелінің эмансипациясы үшін күрескен қайсар қыздардың тарихына шолу жасады. 

8 наурыз мерекесінің тарихы қандай?

Бұдан 3 ғасыр бұрын, нақтырақ айтсақ, 1857 жылғы 8 наурызда Нью-Йоркте тігін және аяқкиім фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылық шеруіне шықты. Олардың негізгі талабы: 10 сағаттық жұмыс күні, жарық әрі таза жұмыс орны, еңбек ақысының ер адамдар жалақысымен бірдей болуы. Бұған дейін олар 16 сағаттан жұмыс істеп, өте аз жалақы алуға мәжбүр болды. Бұл уақытта Америкада дәл сол күні құрамында тек әйелдер бар одақ құрылады. 

Getty Images

Араға бірнеше жыл салып, 1910 жылы Дания астанасы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен 2-халықаралық конференция өтеді. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин "Халықаралық әйелдер күнін" бекіту керегін алға тартады. Алғаш рет бұл мереке 1911 жылғы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия және Швейцария елдерінде атап өтілді. Бір жылдан кейін ол 12 мамырда тойланды. 

Кеңес Одағы құрылған жылдан бастап 8 наурыз мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды. 1965 жылы бұл күн демалыс болып жарияланды. Араға 10 жыл салып, 1975 жылы кеңес идеологтарының ықпалымен ресми түрде 8 наурыз - Халықаралық Әйелдер күні болып жарияланды. 

Қазақ даласында әйелдер құқығы мен еркіндігі, олардың сауат ашуы мен ескі-құсқы салтпен күрескен қыз көп болды. Олардың қатарында Нәзипа Құлжанова, Нағима Арықова, Сара Есова, Ғанижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова, Гүлайым Байгурина, Мәриям Сейдалықызы, Күләйім Өтегенқызы, Сақыпжамал Тілеубайқызы, Нұржамал Саналиева, Мәриям Хәкімжанова сынды мықты әйелдер бар. 

Нәзипа Құлжанова - тұңғыш журналист

Нәзипа Құлжанова - қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист, ұстаз, этнограф, аудармашы. Ол Алаш қозғалысы кезінде қайраткерлігімен бірге қазақ қыздарының болашағы үшін күрескен қайсар әйел. Нәзипа Сағызбайқызы алдымен гимназияны, кейін училищені тәмамдаған. Сол кезден бастап ол түрлі ұйымдар мүшесі болып, кейін газеттерінде әйел мәселелеріне байланысты мақалалар жазады. 

"Әйел - елдің анасы. Білімді, өнерлі, еркін ғана өз халқын басқарып, елді алға бастайды ", - деген еді Нәзипа Құлжанова. 

Әйелдің еркіндігі, қалыңмал мәселесі, мүлде танымайтын адамға атастырылу Нәзипа Құлжановаға таңсық емес. Ол атастырылып қойған, бірақ мүлде танымаған, сүймеген жігітке күйеуге шығуға бас тартқан. Сол кездегі қазақ даласының салты бойынша оның отбасы қалыңмалды қайтаруға тиіс еді. Бірақ Нәзипаның материалдық жағдайы бұған жетпеді. Ол облыстық әскери прокурордың көмегіне жүгініп, өз еркіндігі үшін күресті. 

1917 жылы Семей облысы қазақ съезінің төралқа құрамына енеді. 3 жылдан соң Қырғыз АКСР Халық ағарту комиссариатының қазақ тілінде оқулықтар, кітаптар шығару, баспасөз істері жөніндегі арнаулы комиссияның құрамында жұмыс істеді. Кейін жаңа қазақ әліпбиін енгізу жөніндегі комитеттің құрамына енді. Журналистика жолын 1922 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде бастап, кейін "Қызыл Қазақстан", "Әйел теңдігі" журналдарында жауапты қызметтер атқарады. "Айқап", "Қазақ", "Бірлік туы", "Алаш" басылымдарында оқу-ағарту мәселелері туралы мақалалар жариялаған.

Нәзипа Құлжанова әйелдер мәселесін де, бала тәрбиесі мәселесін де көтерді. Оның "Мектептен бұрынғы тәрбие", "Ана мен бала тәрбиесі" атты әдістемелік кітаптары дәлел. Нәзипа Сағызбайқызының тағы бір ерекшелігі - қазақ әндерінің нотаға түсуіне көмек көрсетуі. Ол Затаевичке "Ғайни-ау, сәулем", "Қадыр зары" әндерін жаздырған.

Ашық дереккөз

Сара Есова

Сара Сәтбайқызы - қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Ол татар мұғалімдерден дәріс алған. Кейін 12 жастағы Сара Орынбордағы мұсылман қыздар оқитын пансионға оқуға барады. Оқуын аяқтаған соң, 16 жастан қоғамдық қызметке араласып, Қызылорда, Ташкент қалаларындағы мектептерде ұстаз болып қызмет етті. Қайсарлығымен, еңбекқорлығымен көзге түскен Сара Ташкентте өткен Шығыс әйелдерінің І сьезіне делегат болып қатысады. Бұдан кейін де Сара Есова түрлі съездерде делегат ретінде қатысады. Оның бір ерекшелігі - Ленинді көзімен көрген қазақ қыздарының тұңғышы.

1922 жылғы Әулиеатада өткен қазақ-қырғыз кедейлерінің сьезіне әйелдерге азаттық, теңдік беру жөнінде баяндама жасаған. Сол тұста қалыңмалға, көп әйел алуға, әмеңгерлік салтына қарсы маңызды істердің ұйытқысы болып, қоғамдық айыптаушы ретінде ашық соттарға қатысып, талай қыздың тағдырына ара түседі.

Қоғам қайраткері түрлі басылымдарға мақала жариялап, кейін "Әйелдер теңдігі" журналының тұңғыш редакторы болды. Кйеін Қазақстан Халық ағарту  комиссариатының саяси-ағарту істері жөніндегі Бас басқармасы бастығының орынбасары, республика оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің председателі қызметтерін абыроймен атқарған. 

Сара Сәтбайқызы бар өмірін туған халқының бақытына арнаған адал коммунист Ораз Исаевқа күйеуге шыққан. Өкінше қарай, күйеуі 1938 жылы қамауға алынады, көп кешікпей Сара да тұтқындалады. 9 ай темір торда өткізгеннен кейін оны ресейлік қоғам қайраткері, Лениннің әйелі Крупская Сталиннің алдына барып қорғап қалған. 

Ашық дереккөз

Нағима Арықова - Қазақ Жоғары сотының төрайымы

Нағима Ыдырысқызы - партия және кеңес қызметкері. Ол мұғалімдер курсын бітірген. Ал 1919-22 жылдар аралығында Верныйда, Семейде мұғалім болып, сондай-ақ, Верныйдағы қыздар мектебінің директоры болып қызмет атқарған.

Нағима Арықова - РСФСР Жоғарғы Соты қазақ бөлімінің төрайымы болған жалғыз қазақ қызы. Өкінішке қарай, одан кейін сотты әйел басқармаған. 

Кейінгі жылдарда Нағима Арықова Қазақстан мемлекеттік баспаларыңда қызмет атқарды. Түрлі съездерге журналист-делегет ретінде қатысып жүрді. Нағима Арықова да қазақ әйелінің сауатты, еркін болуына барын салды. Ол - әйелдер жөніндегі "Әйелдер өкілдері не істеуі керек" деген кітапшаның авторы. 

Нағима Ыдырысқызы Семей губерниялық атқару комитетінде қазақ бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүргенде Мұхтар Әуезовпен танысқан. Кейін жазушы Нағима Арықованың қайсарлығына тәнті болып, "Нәзипа Құлжанова, Нағима Арықова, Әмина Мәмбетова сияқты қайраткер қазақ қыздарын прототип етіп алу" керегін бірнеше рет айтқан.

Бірде Нағима Арықова Мәскеуге Шығыс әйелдері арасында жұмыс істеушілердің кеңесіне Қазақстан Өлкелік партия комитетінің жұмысшы-шаруа әйелдер бөлімінің меңгерушісі ретінде барған. Оның баяндамасын тыңдаған Клара Цеткин үлкен ризалық білдірген. 

"Мына Күншығыс әйелдерінің қозғала бастауы - қара басын адам қатарына қосқаны, бұл теңдік Күнбатыс әйелдеріне үлгі болуға жарайды", - деп бағалаған Цеткин.

ҚР Ұлттық кітапханадан алынған сурет

Бұл үш әйелден басқа қазақ қыздарының болашағы, әйелдерінің еркіндігі үшін күрескен қайсар әйел аз емес. Олар түрлі салада еңбек етіп, қазақтың сауатын ашуға барынша атсалысты. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек