"Көзіме жас алдым". Нұрлан Абдуллин өзін қатты ойландырған ұлының сөзін еске алды

"Көзіме жас алдым". Нұрлан Абдуллин өзін қатты ойландырған ұлының сөзін еске алды
Фото: Видеодан алынған кадр

Танымал әнші Нұрлан Абдуллин "1001 түн" бағдарламасын берген сұхбатында өзін қатты ойландырған ұлының сөзін еске алып, әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әншінің айтуынша, жұмыс бабымен қарбаласып жүріп, отбасына көп уақыт бөле алмаған. 

"Ұлым 17-18 жасқа толғанда маған "әке біз Жаңа жылды сізбен бірге қарсы алатын күніміз бола ма?" деп сұрақ қойған кезде қатты ойланып қалғанмын. Шынында да үйде болмаймыз ғой. Ұлым әулеттің жігіті болып кеткен, маған сол айтқан сөзінен кейін мен "ұлым өсіп қалыпты, оған уақыт бөлуім керек" деп ойландым. Сөйтіп жаңа жылдан кейін қаңтарда, яғни тыныш кезде ұлымды 1-2 аптаға демалысқа алып кететінмін. Әке мен баланың арасында байланыс болуы керек. Екеуміз әңгімелесіп, оның ойын білуім маңызды. 

Ұлым ата-әжесінің қолында өскен, олардың тәрбиесі ерекше. Анам қайтыс болғаннан біршама уақыттан кейін ұлыма "әжеңнің басына барып қайтайық" деп айттым. Жолдағы мешіттен молда алып кетіп, құран бағыштап жібереміз деп ойлаған едім, қарбаласып жүріп ұмытып кетіппін. Ол моланың алдына барған кезімде есіме түсті. Ол кезде ұлымның жасы 13 еді, сонда маған қарап тұрып, "әке, мен өзім оқимын ғой" деді. Таңданып, "оны қайдан үйрендің?" деп сұрасам, "әжем үйретті" деп жауап берді. Кейін отырып, құранды әдемілеп оқыған кезінде мен көзіме жас алып, ұлыма риза болдым", - деді өнер иесі.

Тағы да оқи отырыңыздар: Форшок пен афтершок деген не?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә