Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін электр энергиясын тұтыну қаншалық артты?

"KEGOC" АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшкеннен кейін электр энергиясын тұтыну қаншалық артқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Информбюроға" сілтеме жасап.

Көптеген азамат сағат 16:00-де шамды қосып, электр қуатын пайдалана бастаған, яғни оны тұтыну уақыты бір сағатқа артты. 

"Бізде кешкі уақытта бір сағат қосылды. Тиісінше, тұтыну өсті, бірақ таңертеңгі қарбалас уақытта электр қуатын тұтыну азайғанын ескеру қажет. Жалпы тұтынудың шамалы өсуі байқалады, бірақ энергожүйе тұрақты жұмыс істейді", - деді компанияның басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Энергетика министрлігі кулуарында.

Сонымен қатар, компания өкілі электр қуатын бір сағат артық тұтыну жылдыққа қалай әсер ететінін түсіндірді.

"Жыл бойына шамамен 100 млн кВт/сағ ұлғайды, бұл жылдық тұтынудың шамамен 0,1 пайызы", – деп жауап берді компанияның басқарушы директоры Нұржан Керімқұлов.

2024 жылы 1 наурыздан бастап Қазақстан UTC+5 Бірыңғай уақыт белдеуіне көшті.

Тағы да оқи отырыңыздар: 8 наурызға әпкелерге арналған құттықтау-тілектер

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз