Шымкентте әкімнің бұрынғы орынбасарының үстінен пара беру дерегі бойынша іс қозғалып жатыр

Шымкентте әкімнің бұрынғы орынбасарының үстінен пара беру дерегі бойынша іс қозғалып жатыр
Фото: otyrar.kz

Аса ірі көлемде пара бермек болды деген күдікке ілінген Мақсұт Исаховқа қатысты сот отырысы басталды. Экс-шенеунік өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірінші тыңдалымда әкімнің бұрынғы орынбасары орын алған жағдайға байланысты өз уәжін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды. Мақсұт Исахов 2023 жылғы 20 шілдеде лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді. Алайда қылмыстық құрамы анықталмауына байланысты екі рет іс тоқтатылған. Ал сол жылдың соңында ол аса ірі көлемде пара берді деген күдікпен қамауға алынды.

"2020 жылы 685 миллион теңгеге бағаланған мемлекеттік сатып алу конкурсын "Корпорация "Сити-Строй" ЖШС-і жеңіп алған. Алайда бұған келіспеуіне байланысты "Стар-Строй" сотқа шағым түсірген. Ал Исахов жеке компания шағымынан бас тартса, оған басқа тендер ұтып беретінін айтып, 187 миллион теңге көлемінде қаражат сұраған. Алайда істі "Старт-Строй" ЖШС-і жеңіп шығып, қосалқы мердігер ретінде "Сити-Строй" ЖШС-і бекітілген. Сотталушыға айтулы жайт бойынша іс қозғалатын болған соң, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент бойынша департаменті басшысының орынбасарын пара алуға көндіріп, істі жасырмақ болды деген айып тағылып отыр", - деді прокурор Мұхтар Арыстанов.

Ал пара беру дерегі бойынша күдікті жағдайдың мүлде басқаша болғанын айтты. Оның сөзінше, іс қозғалатын болған соң қомақты қаражатты Шымкент қалалық ҰҚК департаменті басшысының экс-орынбасарының өзі сұраған.

"Мені Сарбасовтың өзі шақырған болатын. Ол үстінен мені қамаққа алу жайында үкім келгенін айтты. Мен "жұмыс орным керек болса, орнымды босата салайын" дегенмін. Бірақ ол көмектеспейтінін айтты. Көрсеткен қызметі қызметпен өтелу керегін айтып, яғни пара беруді тұспалдады. Бағаны бастапқыда 500 мың деді. Ал мен оның доллар екенін түсінбедім де. Кейін 200-ге түсірді. Мен өзімді бұл істе кінәлі сезінбеген соң ақша беруден бас тартқанмын. Мен не үшін ақша беруім керек еді?", - деді күдікті Мақсұт Исахов.

Прокурор айыптау актісінде, күдікті пара беру үшін арнайы схема құрғанын айтқан болатын. Сөзінше, олар "Асқарға" деген кілтсөзді қолдана отырып, 200 мың долларды қаланың бір дүкенінде қалдырған. Ол жерден қаражатты келесі адам алып, экс-шенеунікке тапсыруы керек болған.

"Видеоны ашып қараған кезде қара пакетті курьер алып келіп, сатушы қызға тапсырған. Одан кейін видео үзілген. Кейін 1,5 сағаттен кейін барып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, видеомен түсіріп ақшаны алған. Тағы видео үзілген. Содан кейін басқа бөлмеге барып, пакетті ашып, ақшаны көрсете бастаған. Оның арасында не болғаны белгісіз. Мүмкін курьер бомба тастап кеткен шығар. Түсініксіз. Бір қызығы ақшаны араға 6 күн салып санаған. 6 күн бойы сонда не істегені де түсініксіз", - дейді күдікті Мақсұт Исахов.

Бұған дейін экс-мемлекеттік қызметкердің уақытша қамауға алынған-алынбағаны, тергеудің қалай жүргізілгені туралы ешқандай ақпарат болмаған. Ал күдікті сол аралықта өзіне қатты қысым көрсетілгенін айтады.

"35 күн бойы тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізді. Логикалық тұрғыда ойлаңызшы, олар қалай тергеу жүргізеді. Ол кезде маған көп қысым көрсетті. Ал уақытша тергеуге көшіргенде карцерде ұстады. Кейін камераға ауыстырды. Жұбайымды қоғамдық қорғаушым ретінде мойындамай сандалтты. Ол кезде маған 10-15 жылға сотталасың деп қорқытумен болды. Егер өзің мойындасаң, басқа біреуді ұстап берсең, жаза өтеу уақытын қысқартуға көмек береміз деумен болды. Өзім бір өзім қамауда отырдым, бір жағынан 6 баламды ойладым, оның бесеуі кәмелетке толмаған, ал анамның жасы 75-те, ал бір жағымнан үздіксіз қысым көрсетіліп жатты. Мұндай жағдайда мен қалай шешім қабылдарымды да түсінбедім", - дейді Мақсұт Исахов.

Бұған дейін күдіктінің пара сұраған аудиосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Исаховтың заңгері ол жазба өңделген болуы мүмкін деп топшылайды.

"Барлық айыптау қағаздары Қылмыстық-процестік кодексi нормаларын бұза отырып, қолдан жасалған деп білемін. Менің қорғалушым қазір пара беру дерегі бойынша сотқа жауап беріп жатыр. Оған дейін қызметін асыра пайдаланды деген болатын. Алайда ол істер жабылды да енді, бұл іс қозғалды. Мұнда бір шикілік бар. Ал аудиожазба Мұқсұт Исаховтың рұқсатынсыз қолданылған. Оның үстіне ол монтаждалған. Оған қоса жазба 2020 жылы жазылған. Қазір экспертизадан өткізу үшін сотқа дейінгі тергеу органы монтаждалған және монтаждалмаған нұсқаны алуға тырысып жатыр. Себебі қандай да бір қателік жіберіп алмас үшін", - деді Мақсұт Исаховтың заңгері Жәния Бодау.

Мақсұт Исаховтің ісі әлі жалғасады. Келесі сот отырысы наурыз айының соңына қарай өтеді деп жоспарланған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан