Алматы облысында бұралқы иттер мал талап жатыр

Алматы облысында бұралқы иттер мал талап жатыр
Фото: "Алматы" телеарнасы

Алматы облысындағы аш иттер қорадағы қойға тыным бермей жатыр. Тұрғындардың сөзінше, қаңғыбас иттер өрістен қайтқан малды аңдып, қараусыз қалғанын талап тастауды шығарған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Елдің есін алған оқиға Алматы облысының Еңбекші ауылында болған. Көшенің қақ ортасында жатқан өлексе  - аш иттердің азуынан арам өлген малдың бірі. Төбеттер қойды талаған сәтте шопанның өзі арашалай алмаған.

"Әр үйде оқушы бала бар" деген жұрт иттің адамға да қауіпті екенін жеткізді. Олардың айтуынша, иттер топтасып алып соңғы кезде азық-түлік ұстаған жанға жармасуды әдет қылған. Өлексе тасып, көшені де былғап біткен.

"Белден жоғары ит тістесе, несі қалады? Әсіресе, кәрі кісілерге қиын. Қаша алмаймыз. Көшеде иттер көп жүреді. Өлген ит те сасып жатады", - деді Еңбекші ауылының тұрғыны Ұлту Медетова.

"Шамамен 3-4 ай бұрын иттер 10 жастағы баланы да талаған. Біраз жерін жарақаттады. Салдарынан ауруханаға жатқызуға тура келді. Айта кетейік, қаңғыбас иттер кеше пайда болмады. Бұл мәселе бұрыннан бар", - деді Еңбекші ауылының тұрғыны Усейн Умеров.

Ал әкімдіктегілердің айтуынша, бұл іске жауапты мамандар ит аулауға апта сайын шығып тұрады. Жергілікті билік мәселеден хабардар.  

"Төрт-бес күн бұрын округімізге ит аулағыштар келген. Шамамен 25 ит ұстады. Аулаумен ғана шектелеміз. Заң бойынша итті атуға болмайды, оны білесіздер. Ертең ит атсаң жауапкершілікке тартыласың. Сондықтан аулаумен ғана айналысып жатырмыз", - деді Әйтей ауылдық округі әкімінің орынбасары Әкімжан Жүнісов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова