Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз мемлекеттік сатып алу шарттары жасалған

Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары бірқатар мемлекеттік сатып алу шартын бұзды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген талдау мемлекеттік сатып алу заңнамасы өрескел бұзылғанын анықтады.

Тимирязев ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары нысан бойынша жұмыс жобасының қорытындысына сәйкес келмейтін конкурстық құжаттама бойынша сомасы 1,1 миллиард теңге қазандық құрылысына мемлекеттік сатып алу жүргізген. Нәтижесінде бұл жағдайлар басқа әлеуетті жеткізушілердің құқығын шектеуге әкеп соққан.

Қызылжар аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларынсыз, 319,3 миллион теңге сомасына Якорь ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізген.                                            

Қадағалау органының актілері бойынша бұл сатып алу шарттары жойылып, кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр.

Жыл басынан бері прокурорлар бұл салада 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, нәтижесінде 3,3 миллиард теңге бюджет қаражатының жұмсалуына жол бермеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!