Мықты IT-мамандар полицияның жалақысына жұмыс істегісі келмейді - министрдің орынбасары

Мықты IT-мамандар полицияда жұмыс істегісі келмейді. Себебі, олар тергеушінің айлығын бір аптада табады. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдос Рысбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, интернет алаяқтықпен күресте білікті IT-мамандар тапшы.

"Сіз (Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы) біздің жанқайымызды естідіңіз. Дұрыс айттыңыз, мықты IT-маманды полиция қызметкерінің айлығына жұмысқа тарту өте қиын. Ешкім келмейді. Жедел уәкіл мен тергеушінің айлығын олар (сіз айтқандай) бір аптаның ішінде табады. Сондықтан оларды біздің жұмыс қызықтырмайды", - деді Айдос Рысбаев Мәжілісте.

Сондықтан ІІМ мамандарды өзі даярлауға кіріскен.

"Біз мамандарды өзіміз дайындап жатырмыз. Қазір Алматы және Қарағандыдағы ішкі істер академиясының базасында 2 факультет ашылған. Алматы академиясында жедел уәкілдерді, Қарағанды академиясында тергеушілер мен криминалистерді дайындаудамыз. Қарағанды академиясы маманды 3 жылда, Алматы академиясы 4 жылда дайындап шығарады. Біз қызметкерлерді аталған факультеттерге біліктілігін арттыру курсына жібереміз", - деді министрдің орынбасары.

Айдос Рысбаевтың айтуынша, былтыр төрт-ақ қызметкер шетелге оқуға барып келген. Осылайша, олар кәсіби біліктілігін арттырған. Көп маманды шетелде оқуға жіберуге ІІМ-де қаржы тапшы.

"3 маман Ресейге барса, біреуін Сингапурға жібердік. (Киберқылмыспен күресте) ең мықты елдің бірі – Сингапур пен Лондон (Англия). Өкінішке қарай, ақшамыз болмай жатыр. Бір-ақ қызметкеріміз (шетелде) оқыды. Бұл мәселе қатаң бақылауда. Қазір (киберқылмыспен күресетін) 300 адамның ішінде 19 IT-маман бар", - деді Айдос Рысбаев.

Бұған дейін интернет алаяқтардан шамамен 1 млрд теңге қайтарылғаны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!