Алматыдағы жер сілкінісі: Мектептерде не болып жатыр?

Алматыдағы жер сілкінісі: Мектептерде не болып жатыр?
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Алматыдағы жер сілкінісі тағы бір мәрте дүйім елді дүр сілкіндірді. Қала көшелерінде көлік кептелісі басталып, бұқара бас сауғалау үшін қаланың сыртына қарай асықты. Жұмыс күні болғандықтан мекеме қызметкерлері де жұмыс орындарын тастап тысқа шыққан. Ал білім ордаларындағы жағдай қалай? Мектеп оқушылары сыныпты тастап сыртқа шығып үлгерді ме?  Massaget.kz тілшісі қаладағы №8 Мектеп-гимназияға барып мән-жайды біліп қайтты.

Біз барған білім ордасының алды ығы-жығы. Байқағанымыз, бастауыш сынып оқушылары есік алдында өріп жүр. Мектеп мұғалімдері ме, жоқ әлде көшедегі еріктілерме кейбір оқушыларға жамылғы беріпті. 

Жеткіншектердің арқасынан сабақ сөмкесін байқамадық. Десек те бір пакет аяқкиімді ұстаздар ұстап шығыпты. 

Бұл мектептің іргетасы 1967 жылы қаланған. 2013 жылы сейсмикалық тексерістен өткен. Білім ордасының 4 қапталынан да тысқа шығар есік салыныпты.

Ұстаздар оқушылардың бұған дейін төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігі жөнінде бірнеше мәрте тәжірибе жасалғаны туралы айтты. 

№8 мектеп-гимназия коммуналдық мекеменің басшысы Ардақ Смағұлова 700-ге тарта оқушының 1 минут 20 секундта далаға шығып үлгергенін айтты. 

Фото: №8 мектеп-гимназия коммуналдық мекеменің басшысы Ардақ Смағұлова

"Қазіргі уақытта ғимаратта ешқандай ақау жоқ. 1-ауысымның балалары 1 минут 20 секундтың ішінде далаға мұғалімдермен бірге спорт алаңына шығарылды. Бірақ көп балалар өздерінің сырт киімін киіп үлгермеді. Бір отбасы эвакуациялау пунктінде қалып жатыр. Олар мектептің қасындағы көпқабатты үйде тұрады екен. Біз суды, шәйді барлығын дайындап отырмыз. Үйлерінде қалуға қорыққан жандарға келуге болады", - дейді мектеп басшысы. 

Бірінші ауысымда бастауыш сыныптары мен 8-11 сыныптардың балалары оқиды екен. Сондай-ақ 73 ұстаз қызмет атқарады. Балалар сабақ құралдарын қалдырып бірден далаға жүгірген екен. 

Мектеп басшылығы алгоритм бойынша жұмыс істеп жатқандарын айтты. Бүгін сабақ болмайтынын кесіп айтты. Алайда ертең оқушылар мектепке келе ме, онлайн оқи ма ол жағы нақты белгісіз. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов